АҚШ-та Қазақстанмен тұрақты сауда байланысын орнату жайы талқыланды

Вашингтонда Қазақстанмен тұрақты сауда байланысын орнату жайы талқыланды.

Екі ел арасындағы тұрақты саудаға кедергі болып тұрған Джексон Веник түзетуінің күшін жою керек дейді Конгресс өкілдері. Бұл түзету 1974 жылы еврей қауымының көшуіне кедергі жасағаны үшін Кеңес Одағына қарсылық ретінде, АҚШ-пен сауда байланысын шектеу мақсатында енгізілген еді. Алайда бұл санкцияның зияны Қазақстанға осы күнге дейін тиіп отыр дейді мамандар. Бұл проблеманы шешу үшін Өкілдер палатасының бір топ депутаты былтыр ,,Қазақстанмен тұрақты және қалыпты сауда байланысы,, атты заң жобасын Конгресс қарауына енгізген. Бұл кедергілер екі елдің сауда-экономикалық қарым қатынасына нұқсан келтіріп отырғандықтан заңды қайта қарауымыз керек, дейді конгресс өкілдері.

Том Суозци, АҚШ конгрессмені:

- Менің мақсатым - Қазақстанға қатысты Джексон-Вэник түзетуінің күшін жою. Ол енді қолданылмауы тиіс. Түзету 1970 жылдары кеңестік еврейлерді қорғау үшін жасалған еді. Ал шын мәнінде, Қазақстан өз елінде және бүкіл әлемде дін бостандығын ілгерілетуде тамаша жұмыс атқарды. Оның мысалын осы жиыннан да көрдік. Көптеген еврей ұйымдарының өкілдері де қатысып, Джексон-Вэник түзетуін алып тастауға қолдау білдірді.

Кристофер Мерфи, АҚШ сенаторы:

- Аймақтың маңыздылығы артқаны үшін бұл мәселе шешілуі керек деген пікір айтылады. Сондай-ақ бұл мәселені сөзбұйдаға салып, кейінге ысыру АҚШ-тың сыртқы саясатының тиімсіздігін және жауапсыздығын көрсетеді деген де уәж айтылады. Себебі өзге елдер АҚШ-тың талабын немесе өтінішін орындаған кезде уәде етілген жеңілдікті ала алмаса, болашақта ынтымақтастыққа қызығушылық танытпайды. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастырамыз.