Алматыда Non-Food Asia Expo көрмесі ашылды

Алматыда ((NON-FOOD ASIA EXPO)) НОН ФУД ЭЙЖА ЭКСПО тұтыну тауарларының көрмесі ашылды.

Халықаралық деңгейдегі шараны еліміздің Сауда және интеграция министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Көрмеге қойылған өнімдер негізінен сауда желілері мен маркет-плейстерге арналған. Оған 20 елден 200-ге жуық түрлі шетелдік компания қатысып, өздері шығарған өнімдерін ұсынды.

NON-FOOD ASIA EXPO көрмесі осымен елімізде үшінші рет өтіп жатыр. Бұл шара осы уақыт ішінде сатылымның көлемі мен ауқымын кеңейтуге, тапсырыс берушілер базасын ұлғайтуға мүмкіндік жасады. Сондай-ақ,  Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерінің ірі бөлшек сауда желілеріне, маркетплейстерге, шетелдік және отандық тауар өндірушілер арасында байланыс орнататын тиімді құралға айналды. Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары  Айжан Бижанованың айтуынша, көрме ішкі және сыртқы сауда айналымының өсуіне оң ықпал етеді. 

Айжан Бижанова, ҚР Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары:

- Жалпы біз өндірушілер мен бизнесмендер бір-бірімен қарым-қатынас орнатып, сол арқылы тауар айналымын, халықаралық сауда айналымын жақсартса екен дейміз. Іскерлік бастамаларын қолдаймыз. Яғни бұл көрме қосымша инвестиция тартатын диалог алаңына айналды десек те болады.

Мұнда үйге керектің бәрі бар. Тұрмыстық химия өнімдері мен косметикадан бастап, балалар ойыншықтарына дейін қойылған. Атап айтқанда, тікелей өндірушілер мен нарықта кеңінен танымал компаниялардың 300-ден астам брендін көре аласыз. 

Елена Миляева, Mayer Expo Asia ЖШС бас директоры:

- Біздің көрменің міндеті осында арнайы келген компаниялардың өнімдерінің нарыққа шығуына жағдай жасау. Олардың шикізат жеткізушілерді, жаңа дистрибьюторларды табуына көмектесу деп білем.  Көрмеде шағын және орта бизнестің түйіткіл мәселелерін шешуге көмектесетін бағдарламалар да өтіп жатыр.

Көрме кеңес беру орталығының жұмысына да баса мәне береді. Яғни мұндағы мамандар Еуразиялық Экономикалық Одақ пен Азия елдеріне импорт және экспортқа қатысты  сұрақтарға жауап береді.

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев