«Қорғаста» Еуразиялық банктің филиалы ашылды
«Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығында Еуразиялық банктің филиалы ашылды.
Онда қазақстандықтар мен, шетелдік туристер депозит ашып, несие алуға, валюта айырбастауға мүмкіндік алады. Заңды тұлғалар үшін ағымдағы шоттарды ашудан корпоративтік карталар мен депозиттерге қызмет көрсетуге дейін, толық қолдау көрсетіледі.
Қорғастағы «Еуразиялық банктің» жаңа филиалы қаржы ұйымының 30 жылдығына орай ашылды. Мұнда валюта айырбастап, тіпті алтынды сатуға да болады. Кассалық қызмет, банкомат және контактісіз төлемдерге арналған терминал бар. Клиенттер стандартты банк қызметтерін ғана емес, қосымша жеңілдіктері бар ашық премиум карталарын ала алады. Сонымен бірге салымдар мен ағымдағы шоттар, дебеттік карталарын рәсімдей алады.
Мадияр Көлбаев, Еуразиялық банктің филиал директоры:
- «Заңды тұлғалар үшін есеп айырысу шотынан бастап, корпоратив карталар салымдарға шейін қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар бөлімше базасында теңге, доллар, юань валютасын айырбастау мүмкіндігі бар. Және де алтын сатуға кассалық қызмет көрсетілетін болады. Бұл бөлімше бизнес үшін сенімді серіктес және кәсіпкерлер үшін ыңғайлы қаржы орталығы болады деп сенеміз».
Екі мемлекеттің шекаралас аумағында ашылған жаңа бөлімше бизнестің дамуына септігін тигізеді,-дейді ұйымдастырушылар. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейтіп, тауар айналымын арттырады.
Әсет Бураханов, «Қорғас» ШЫХО басқару компаниясының аппарат басшысы:
- «Бұндай банктердің біздің орталықта ашылуы екі мемлекеттің арасындағы сауда-саттықты арттыруда, одан кейін тек қана осы орталықтың ғана емес, бүкіл қазақ елінің экономикасының өркендеуіне септігін тигізеді деген сенімдемін».
30 жылдық мерейтойына орай Еуразиялық банк республика көлемінде түрлі акциялар мен іс-шаралар өткізіп келеді. Бүгінгі таңда банктің Қазақстанның барлық аймағында 18 филиалы мен 120 бөлімшесі бар.
А.Садуақас. К.Амраев