Үкімет басшысы италиялық инвесторлармен кездесті
Италиялық жетекші компаниялар Қазақстанда полиэтилен, бутадиен, тұрақты авиация отынын өндіру сынды маңызды инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті.
Бұл туралы инвесторлар Үкімет басшысымен кездесуінде мәлімдеді.
Олжас Бектенов Maire Tecnimont және Ansaldo Energia компанияларының басшылығымен жүздесіп, өндірісті локализациялау келешегін талқылады. Қос өндіруші де энергетика және мұнай-газ химиясы саласындағы жабдықтар жасаумен айналысады. Келіссөз барысында инновациялық технологиялар арқылы энергетикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру шаралары қаралды.
Сонымен қатар көмірсутек шикізатын терең өңдеу, сапалы өнім шығару саласындағы серіктестік айтылды.
Айта кетейік, Қазақстанда полимер сынды маңызды өнім шығаратын зауыттар салу бойынша ауқымды жобалар іске асырылуда. Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен жобалардың барлық кезеңінде Үкіметтің шетелдік инвесторларға жәрдем көрсететіні айтылды.