Қазақстанда 2027 жылға дейін 1300 шақырым теміржол салынады
Теміржолдың әлеуеті артып тұр. Жолаушының да, жүктің де негізгі бөлігі осы жолмен тасымалданады, деп хабарлайды 24kz.
Біздің ел де осы әлеуетті барынша пайдаланады.
Үкімет Президенттің инфрақұрылымды жаңғырту және көлік-логистикалық әлеуетті дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бойынша жол картасын жүзеге асырып жатыр.
Қазір көлік-транзиттік әлеуетті одан әрі дамыту және көлік дәліздерін кеңейту мақсатында магистральдық желілерді жаппай модернизациялау жұмыстары қолға алынды. 2027 жылға дейін 1300 шақырым теміржол салынады.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Қазір елде 16 мың шақырым теміржол бар екен. Осы жолдардың 11 мыңын 2028 жылдың аяғына дейін жөндеу шығу жоспары түзілді.
2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол жөнделеді
2029 жылға дейін елдегі теміржолдың 11 мың шақырымын жөндеу жоспарланып отыр. Қазір бұл жолдар 57%-ке тозып тұр. Көлік министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінде 2 800 шақырымда жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ алдағы екі жылда 1300 шақырым шойынжол салу жоспары бар. Бүгінде Достық – Мойынты теміржол учаскесінің екінші жолын, Алматы айналма теміржолын, Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз желілерін салу жұмыстары басталды. Бұл жобалардың арқасында транзиттік әлеует артады. Яғни, жаңа жолдар «Достық» станциясының өткізу мүмкіндігін жылына 35 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Сарыағаш станциясына түсетін салмақ азайып, Алматы стансасы арқылы жүк өткізу уақыты қысқарады.
Ерсұлтан Әбдірахманов, ҚР Көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитетінің бас сарапшысы:
- Еліміздің көлік транзиті әлеуетін дамыту мақсатында қазіргі таңда 4 ірі жобалар жасалуда. Бұл жобалар Орталық Азия мен Қытай бағытында өткізу қабілетін 20 млн тоннаға ұлғайтады. Және Достық – Мойынты учаскесі бес есеге ұлғаяды өткізу қабілеті. Және 12 жүк пойызынан 60 жүк пойызға дейін өседі.
Экспорттық тасымал 130 млн тоннаға артады
Жалпы ел аумағы арқылы 5 халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Кейінгі жылдары бұл дәліздердегі жүк тасымалы артып келеді. Келешекте болжам бойынша экспорттық тасымал көлемі 130 млн тоннаға дейін артуы мүмкін. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағыты және «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі бойынша өсім бар. «2030 жылға қарай бұл дәліздің мүмкіндігі 20 млн тоннаға дейін көбейеді», - дейді министрлік өкілі. Қазір инфрақұрылымдағы кемшіліктерді жою шаралары қолға алынып жатыр. Яғни, жаңа бағыттар пысықталып, жүктердің іркіліссіз өтуі үшін цифрландыру шаралары қолға алынды. Бұдан бөлек, станциялар саны көбейіп, ұзарған бағыттар да бар. Жақында Қытайға жаңа тасымал бағыты ашылды. Ол Үрімжіден 260 шақырым жердегі Усу станциясынан басталады. Қытай – Еуропа халықаралық бағытына қосылады. Алашанькоу және Қорғас бекеттері арқылы Еуропа мен Орталық Азия нарығына тауар экспорттайды.
Биыл 140 жаңа вагон жолға шықты
Биыл қаңтар-қазан айларында теміржол арқылы 350 млн тоннадан астам жүк тасымалданды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға жоғары. Ал жолаушылар тасымалы 5,6 пайызға ұлғайды. Яғни он айда 17 млн-нан астам жолаушы пойызға мінді. Теміржол қызметіне сұраныс өсіп келеді. Сондықтан Үкімет көлік паркін жаңартуға күш салып отыр. Мәселен, жаңа вагондар алынып жатыр. Және алынатын вагондар саны жыл санап өсіп отырады.
Ерсұлтан Әбдірахманов, ҚР Көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитетінің бас сарапшысы:
- Сонымен қатар жолаушылар вагонын жаңарту жалғасуда. Алдыңғы жылы 118 вагон алынды. Осы жылы 140 вагон. Және де келесі жылы 220 вагоннан астам алынады деп жоспарлануда.
Франциядан 117 локомотив жеткізіледі
Сонымен қатар локомотивтерді жаңартуға күш салынып отыр. Мәселен Францияның Alstom компаниясы 2028 жылға дейін 117 электровоз жеткізеді. Және ел аумағында оларға қызмет көрсететін орталықтар құрылады. 9 мың тоннаға дейінгі жүк тарта алатын бұл электровоздар 80-жылдары шыққан ескі локомотивтерді алмастырады.