Биыл Шымкент қаласының экономикасы 12% өсті
Республика бойынша алдыңғы орынға шыққан қалада жаңадан 2 индустриалды аймақ ашылып, 536 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз конференциясында айтылды.
Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жақсарғаннан кейін жұмыссыздық деңгейі 5%-ке азайды. 30 мыңнан астам адам тұрақты еңбекке тартылып, әлеуметтік көмек алушылардың қатары үштен бірге қысқарды. Мемлекеттік қолдау шағын және орта бизнес саласына да оң әсер етті. Қазір қалада 200 мыңнан астам адам кәсіпкерлікпен айналысады.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
- Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік пен өндірілген өнім көлемі қала экономикасының 56% құрап отыр. Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 15,5 млрд теңгені құрайтын 3734 жобаға қолдау көрсетілді. Қаламызда алғаш рет шағын және орта кәсіпкерлердің жаңа бастамаларын қолдау үшін шағын өндірістік алаңдарды құру жобасын бастадық.
Демографиялық өсімі жоғары аймақта биыл 1 миллион 360 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 18 «жайлы мектептің» құрылысы жоспарланса, соның 11-і жыл соңына дейін тапсырылады. Нәтижесінде 28 мың оқушы заманауи оқу ордасында білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік алмақ.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
- Жергілікті бюджеттен 15 мыңға жуық еңбекақысы төмен азаматтық қызметкшілердің жалақысын қосымша 50 мың теңгеге көтердік. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда өңірдегі орта жалақы көлемі 12,5% өсіп, 304 мың теңгеге жетті.
Баспасөз жиынында жаңа жоспарлар мен шешімін күткен мәселелер де сөз болды. Алдағы уақытта А2 айналма жолының құрылысын аяқтау және Қонаев атындағы даңғылдың жалғасын салу басым бағыттардың біріне айналады. Ал халықаралық әуежай терминалы жыл соңында қолданысқа беріледі. Келесі жылдан бастап жасақталған инвестициялық жобалар пулы іс жүзінде жүзеге асырылады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы.