Биыл жеткізу қызметінен €163 млн табыс түсті

Биыл елдегі жеткізу қызметінен 163 млн еуро табыс түсті. Мұндай есептеуді Қазақстандағы ірі жеткізу платформасы мен шетелдік зерттеу ұйымы жүргізген, деп хабарлайды 24kz.

Зерттеу нәтижесінде бұл салаға қатысты жұмыспен қамту, салық аударымдары, шағын және орта бизнеске әсері туралы мәліметтер де бар.

Жеткізу қызметімен айналысатын ірі платформалар елде саусақпен санарлық қана. Алайда онлайн сауданың дамуымен бұл қызмет түрінің де экономикаға елеулі үлесі тиіп жатыр. Айталық, бұл саланың биылғы табысы 163 млн еуроға тең. Ал бюджетке түскен салық көлемі – 24 млн еуро.

Аслан Әбілқайыров, сарапшы:

- Жеткізу қызметі бүгінгі Қазақстан экономикасы дамуының ең ірі драйверінің бірі болып табылады. Соңғы 5-6 жыл барысында көптеген адам жеткізу қызметі бар платформаларды қолдана бастады. Электрондық коммерция саласы Қазақстанда әлі де өсіп жатыр, оның потенциалы өте-өте үлкен

Иә,елдегі ірі жеткізу платформасын басқаратын Айқаныш Сапарәлиеваның айтуынша, қазір халықтың тек 20%-і ғана жеткізу қызметіне жүгінеді. Сондықтан бұл әзірге нарықтағы жас сектор қатарында.

Айқаныш Сапарәлиева, жеткізу қызметі платформасының жетекшісі:

- Жеткізу қызметінің жиілігін арттыру мүмкіндігі әлі де бар. Қазір бір айда 3 млн жеткізу қызметі жүзеге асырылып жатыр десек, осы көрсеткішті 12 айға көбейтіп, елдегі халық санына бөліп көрдік. Ондай жағдайда бір адам жылына тек 7 рет осы қызметке жүгінетін болып шығады. Бұл өте аз. Мысалы осы сала өте жақсы дамыған Оңтүстік Корея елінде бұл көрсеткіш 20-ға тең.

Сол секілді шағын және орта кәсіптің 86%-і осы жеткізу платформаларымен 4 жылдан аз уақыт жұмыс істеп келеді. Соның өзінде бұл компаниялардағы сату көлемінің 26%-і жеткізу платформаларымен серіктестікке тиесілі. Сондай-ақ олардың 95%-тен астамы мұндай ынтымақтастық кәсіп табысын көтеріп отырғанын растаған.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Жасұлан Мамырбаев