Атырау облысында мемлекетке қайтарылған қаражатқа мектеп салынады

Атырау облысында мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер есебінен мектеп салынады, деп хабарлайды 24kz.

Білім ордасы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында бой көтеретін болды. Мұнда 150 орындық мектептің құрылысына 2 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда ауылда 60 орындық ғимаратта бастауыш сыныптары ғана жұмыс істеп тұр. Оқушылар 4-сыныпты бітіргеннен кейін білімін 60 шақырым қашықтағы Доссор кентіне барып жалғастырады. Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша талаптарға және санитарлық нормаларға сәйкес балаларды сапалы оқыту үшін жағдай жасалатын болады.

Алмагүл Аманова, Жамансор ауылының тұрғыны:

- Бізде тек бастауыш сыныптарға арналған мектеп қана бар. Оны аяқтаған соң оқуын жалғастыру үшін балаларымызды басқа аудандарға тасуға мәжбүр болдық. Біздің ауылда жаңа мектептің салынатыны туралы жаңалық біз үшін үлкен қуаныш.