Өзін аурудан сақтандырған азаматтарға ₸30 млрд төленді
Елде өзін ауырған жағдайдан сақтандыратындар көбейді. Қыркүйекке дейінгі төлем 21%-ке артқан.
Кейінгі бес жылда өмірді сақтандыру төлемдері 21 млрд теңгеден 91 млрд теңгеге дейін өскен. Бұл 5 есе артық көрсеткіш.
Сақтандыру компаниялары рекордтық төлем жасады
Қаңтар-қыркүйек аралығында елдегі сақтандыру компаниялары рекордтық төлем жасады. Оның жалпы көлемі 241 млрд теңгеге жуықтаған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 23%-ке артық. Ал сақтандыру төлемдерінің саны 981,8 мыңға жетті.
Нарықта 25 сақтандыру ұйымы бар. Оның 15-і «жалпы сақтандыру», қалғаны «өмірді сақтандыру» саласында қызмет көрсетеді. Ұйымдар тараған жағдайда тұтынушылардың құқығын сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры қорғайды. Ал сақтандыру омбудсмені шарттар бойынша сақтандыру ұйымдары мен клиенттер арасындағы дауларды қарайды. Бұл қызмет тегін көрсетіледі.
Әзиз Әбілқасым, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқарма бастығының орынбасары:
- Дамыған елдермен салыстырғанда біздің елдегі сақтандыру қызметімен қамту халықты әлі де төмен деңгейде орналасқан. Алайда, атап өткен жөн, әр жыл сайын сақтандыру төлемдері өсіп келеді. Мәселен, 2018 жылғы нәтиже бойынша 90 млрд теңге көлемінде сақтандыру төлемдері төленсе, сақтандыру компаниялары биылдыққа, соңғы біткен 2023 жылдың қорытындысы бойынша сақтандыру өнімдері арқылы тұтынушылар 260 млрд теңгедей өтем алған. Яғни, бұл бізге тенденцияның бар екенін және өсіп келе жатқанын дәлелдейді.
Өмірін сақтандыруға ден қойғандар көбейді
«Өмірді сақтандыру» сақтандыру нарығының жиынтық активтерінің 52%-ін қамтиды. Бұған баланы оқытуға бағытталған мемлекет субсидиялайтын жинақтаушы сақтандыру бағдарламасы, сондай-ақ бірлескен және кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеттері сияқты жаңа әлеуметтік сақтандыру өнімдері себеп болды. Мамандар өмірді сақтандыру саласы бойынша төлемдердің дені қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға және өмірді ерікті сақтандыруға бағытталғанын айтады.
Аурудан сақтандырылған азаматтарға ₸30 млрд төленді
Жыл басынан бері өзін аурудан сақтандырған тұтынушыларға 30 млрд теңге төленген. Бұл былтырғыдан 20%-ке көп. Жалпы созылмалы сырқаттарға шалдыққан жағдайда сақтандыру 25%-ке немесе 62,8 млрд теңгеге дейін өскен. Денсаулыққа байланысты сақтандыру шарты жеке немесе топтық түрде жасалады. Кейін төлемақыны ел аумағында да, одан тыс жерлерде де қолдану қарастырылады. Тұтынушы жедел медициналық көмек алуға, зертханалық-аспаптық зерттеулерге, стоматологиялық көмекке және басқа да медициналық қызметтерді алуға құқылы.
Жазатайым оқиғадан 8 мың адам сақтандырылды
Биылдан бастап жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру аясында алдын алу және оңалту шараларына төлемдер жасалып келеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның айтуынша, 9 айда 8,7 мыңнан астам қызметкер сақтандыру ұйымдарынан 2 млрд теңгеге жуық арнайы әлеуметтік төлемдер алды. 19,7 млрд теңгеге резервтер қалыптастырылды. Сақтандыру ұйымдары есебінен зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін 55 жасқа толған қызметкерлерге де төлем жасалады. Бұл үшін арнайы шартты 45 жастан бастап жасасу қажет. Қараша айындағы дерекке сүйенсек, 106 мың зейнетақы аннуитеті шарты қолданыста, олар бойынша жалпы сақтандыру сыйлықақысы 655,4 млн теңгені құрайды.
Бір айға жуық мерзімде 155 мыңнан астам дәрігер өздерінің жауапкершілігін сақтандыру үшін 712 шарт жасаған екен. Сақтандырудың бұл түрі халықты медицина қызметкерлерінің кәсіби қателіктерінен, жалпы көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған. Ал дәрігерлердің қателіктері орын алып жатса, өтемақыны сақтандыру компаниясы төлейді. Жалпы мұндай сақтандыру қызметін адвокаттар, заң кеңесшілері, жеке сот орындаушылары, кеден өкілдері жиі пайдаланады.