Қазақстандықтар ипотекалық несиеге жиі жүгінеді

Қазақстандықтар баспана аларда ипотекалық несиеге жиі жүгінеді.

Қаңтар-қыркүйек айларында ел бойынша 1,4 трлн теңге сомасында ипотекалық қарыз берілді. Бұл былтырғы 9 аймен салыстырғанда 17 пайызға артық. Мұның ішінде 500 млрд теңгеге жуық несие нарықтық шарттарға сай берілсе, ал жалпы құны 876 млрд теңге болатын несиеде жеңілдік қарастырылған. 

Жалпы III тоқсанда да жеке тұлғалар тарапынан ипотекаға сұраныс өскен. Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, үш айда несие өтінімдерінің саны 31 пайызға артып, 274 мыңға жетті. Мамандар ипотекаға сұраныстың артуын мемлекеттік бағдарламалардың іске қосылуымен байланыстырады. Яғни банктер мемлекеттік бағдарламалар аясында қосымша өтінімдер қабылдауға кірісті. Және құрылыс компанияларымен тығыз қарым-қатынас орнатты. Сонымен қатар кейбір банктердің кепіл талаптарын қатаңдатуы басқа банктердің ипотекалық өнімдеріне сұраныстың өсуіне әкелді. Ал тұрғын үй саясатында енді қолға алынған реформа баспана бағасын қымбаттады деп қорқудың қажеті жоқ дейді сарапшы. 

Лариса Степаненко, сарапшы:

- Бұл өзгеріс тұрғын үй нарығына айтарлықтай әсерін тигізеді деп ойламаймын. Себебі бұдан сұраныс артпайды. Үйге мұқтаж адамдардың, үй сатып алуға шамасы жететін адамдардың саны өзгермейді, бұрынғыдай қалады. Әрине үй сатушылар, делдалдар биліктің мәлімдемесін өз пайдаларына жаратуды көздеп, үй бағасын қымбаттатуға тырысуы мүмкін. Бірақ ол да ұзаққа бармайды. Нарық өзін-өзі реттейді. Үйді қымбаттатқанмен оны сатып алатын тұтынушы бәрібір болмағандықтан уақыт өте бұрынғы деңгейіне қайта түседі.

Ипотекалық несие

(қаңтар-қыркүйек, 2024 жыл)

Барлығы – ₸1,4 трлн

Өсім – 17%

Нарықтық шарттармен –  ₸498,2 млрд

Жеңілдетілген – ₸875,8 млрд

Зейнетақы жинағын баспанаға салатындар көбейді 

Сонымен қатар зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге салатындар көбейді. Мәселен, қазан айында 45 мың өтініш қолдау тапты. Бұл – қыркүйекпен салыстырғанда 15 пайызға артық. Мамандар өтініш бергендер санының көбеюін жинақтарды шешуге тыйым салынуы мүмкін деген қауесеттің таралуымен байланыстырып отыр. Барлығы 37 млрд теңге зейнетақы шотынан банктерге аударылды. Бірақ маманның айтуынша, бұл қаржы да нарықтағы бағаның көтерілуіне әкелмейді. 

Лариса Степаненко, сарапшы:

- Зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін шешуге рұқсат берілгенде тұрғын үй нарығындағы бағаның күрт өскеніне куә болдық. Әрине бұл – бірнеше жыл бұрын болған жағдай. Кейін жеткіліктілік шегі көтеріліп, азаматтардың зейнетақы жинақтарын шешу мүмкіндігі кеміді. Қазір де жинақтарының бір бөлігін баспанаға салып жатқандар бар. Алайда ол бұрынғымен салыстырғанда өте аз. Сондықтан зейнетақы жинақтары тұрғын үй нарығына әсер етпейді.

Жаңа үйлер сәл қымбаттады

Қазан айында елде үйді жалдау бағасы өсті. Сондай-ақ жаңа үйлер де аздап қымбаттады. Ал бұрын салынған үйлер бағасы сәл арзандады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша жаңа үйдің бағасы қыркүйекпен салыстырғанда 0,6 пайызға өсті. Мұнда 1 шаршы метр 497 мың теңгеге бағаланды. Қайталама нарықтағы үйлер 0,4 пайызға арзандады. Яғни орташа баға 1 шаршы метрге 509 мың теңгеден келіп отыр. Ал баспананы жалдау ақысы бір айда 0,6 пайызға өсіп, 1 шаршы метр 4,5 мың теңгеге дейін қымбаттады. 

ТҰРҒЫН ҮЙ НАРЫҒЫНДАҒЫ БАҒА

(1 шаршы метр)

Жаңа үй – ₸497,3 мың

Қайталама нарық – ₸509,4 мың

Жалдау ақысы – ₸4,5 мың

Ең қымбат баспана Алматыда

Жарнама қосымшаларының дерегі бойынша қыркүйек айында Ақтау қаласында үй бағасы ерекше көтерілді. Маңғыстау облысының орталығында бір шаршы метр құны орта есеппен 10 пайызға жуық өсті. Ал ең қымбат баспана Алматыда. Мұнда әр шаршы метр 723 мың теңгеге бағаланды. Астанада үй айтарлықтай арзан, бір шаршы метр 490 мың теңгеге сатылып жатыр. Елдегі үшінші мегаполис Шымкентте баспананың әр шаршысы 417 мың теңге тұрады. Сондай-ақ алғашқы бестікті Атырау мен Өскемен түйіндейді. 

1 ШАРШЫ МЕТР ҚҰНЫ

Алматы – ₸723 000

Астана – ₸490 000

Шымкент – ₸417 000

Атырау – ₸390 000

Өскемен – ₸382 000