Биыл Қазақстан 12 млн тонна дақылды экспорттайды

«Отандық астықты өңдеуге көңіл бөлу керек», - дейді Мәжіліс депутаттары.

Олардың есебінше, Орталық Азия мен Қытай жыл сайын қосымша 2 млн тоннаға дейін дайын өнімді қабылдауға әзір. Ал экспорттаушыларға қандай қолдау бар?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Ішкі нарыққа қажет астық мөлшері – 8-9 млн тонна. Биыл Қазақстан 12 млн тонна дақылды экспорттайды. Жоспарлы нарықтар бар. Алайда, тиісті келісім жасау маңызды. Қазақстан фермерлері қауымдастығының өкілдері осылай дейді. Әсіресе, Қытай импортын нақтылап алу қажет. Себебі жиі шектеу енгізетін аймақ осы. Тәжікстан біздің астықты асыға күтетіні белгілі. Фермерлер қауымдастығы Үкіметтің шаруаларға 15 желтоқсанға дейін несиелерін қайтаруды міндеттегенін алға тартады. Демек, қамбадағы астықты тез сатып үлгеру қажет. Ал бір мезгілде ұсыныс көбейген тұста баға да күрт төмендейді. «Бұл сәтті Тәжікстан билігі мүлт жібермейді», - дейді мамандар. Енді олар диқандардың шығыны ақталмауы мүмкін деп алаңдайды.

 

Көлік шығыны субсидиялануы мүмкін

Астық экспортына логистика мәселесі де әсер етеді. Теңіз арқылы тасымалдау ұзақ уақытты талап етеді. Жол шығыны да қомақты. Ал Еуропа елдеріне теміржол арқылы тасымалдау үшін Ресей аумағынан өту керек. Бұған арнайы тарифтер белгіленген. Бұл шаруалардың қалтасына салмақ. Мұны ескерген Үкімет осындай тасымалды субсидиялауы мүмкін. Жаңа егіс маусымын да ұмытпау керек. Енді Президент тапсырмасымен Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан 150 мың тонна астық сатып алынады. Алайда, фермерлер қауымдастығы кемінде 3 млн тонна сатып алуды ұсынады. Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев: «Үкімет резервінен бөлінген қаражатты арттыру керек», - дейді.

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Үкімет резервтен бөлінген 10 млрд теңге есебінен 150 мың тоннаға жуық астық сатып алуды жоспарлап отыр. Біз бұл көлемді қазіргі жағдайда тым аз деп санаймыз. Нарықта қалыптасқан жағдайды реттеу үшін кемінде 75 млрд теңге көлемінде қосымша қаржыландыру қажет. Бұл шаруалардан 1 млн тоннаға жуық астық сатып алуға серпін беретіні сөзсіз.

 

Отандық астық Еуропа мен Африкаға жөнелтіледі

Отандық астықты Батыс Еуропа мен Солтүстік Африка нарығы импорттамақ ниетте. Бұл үшін өнім сапасы жоғары болуы маңызды. Сауда және интеграция министрлігі 2 млн тоннаға жуық өнім тасымалдауға келісім жасап жатыр. Жалпы экспортталуы тиіс астық көлемі 12 млн тоннадан асады. Негізгі нарық Орталық Азия және Ауғанстан. Қытайға 1,6 млн тоннасын жеткізу көзделеді. Десе де, дәл қазір бұл оңай шаруа емес. Қытай шекарасындағы кідірістер мен лицензиялау шарттары шешімін күтіп тұр.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Қазір бізден көбіне Орталық Азия мен Ауғанстан алады 5-6 млн тонна. Өзбекстан 3,5 млн, Тәжікстан 1 млн, Қырғызстан 500 мың тонна алады. Мына 3 мемлекет 5 млн алады.

Бауыржан Орынбасаров, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарушы директоры:

- «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тарапынан астық тасымалдау бойынша вагондық контейнерлерді ұсыну жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Соңғы 2 ай ішінде, атап айтсақ қыркүйек пен қазан айларында 2 млн 600 мың тонна астық жөнелттік. Оның ішінде 2 млн 100 мың тоннасы экспорт саналады. Қалғаны ішкі нарықта қалды. Иран бағытындағы экспортымыз қайта жанданды. Биыл қыркүйек айынан бастап 13 қарашаға дейін Ақтаудағы Құрық порты арқылы 270 мың тонна дәнді дақыл жеткіздік.

 

Мәжіліс депутаты: Астық өңдеушілеріне қолдау қажет

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай астықты өңдеп тасымалдауға ден қою керек дейді. Ал өңдеушілерге субсидия көлемін арттыруды ұсынады. Бәріне белгілі, ет, сүт, жұмыртқа бағасының 70%-і жем-шөп құнына тәуелді. Депутат астықты экспорттауға қарастырылған қаражаттан бөлек, шаруаларды қолдаудың дұрыс тетігін табу маңызды дейді. Оның сөзінше, Орталық Азия мен Қытай нарығы жыл сайын қосымша 2 млн тоннаға дейін дайын өнімді қабылдауға әзір. «Бұл – шикізат түрінде 5 млн тонна астықты сатқаннан түсетін кіріспен тең», - дейді. Мақсат Толықбай астық қоймаларын салу және кеңейтуге басымдық беру керек деген пікірде.