Биыл Атырау облысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін ₸3,5 млн бөлінді
Атырау облысында биылғы 10 айда 42 млн тонна мұнай өндірілді. Сонымен қатар 22 млрд текше метрден астам ілеспе газ шығарылған, деп хабарлайды 24kz.
Ал ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін биыл 3,5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Өңірдегі үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін қазір білім ошақтарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар медицина саласындағы маман тапшылығын жою мақсатындағы өңірлік бағдарлама енді өзге облыстарда енгізіледі.
Жас маман Мерей Паңгерей облыстық ауруханада анестезиолог-реаниматолог болып былтырдан бері жұмыс істеп жатыр. Ақтөбе қаласындағы оқуын аяқтап, Қызылқоға аудандық емханасында еңбек жолын бастаған Мерей кейін Астана қаласында білім алып, тәжірибесін шыңдаған. Ол қазір жас мамандарға қолдаудың көп екенін айтады.
Мерей Паңгерей, анестезиолог-реаниматолог:
- Атырау облыстық ауруханасына резентура біткеннен кейін 1 жыл бұрын осында жұмысқа орнасқан болатынмын. Жас маман ретінде алғаш жұмысқа келгенде Атырау облысының атынан бізге 1 реттік ақшалай көтермеақы берілген болатын. Біз жұмысқа келгеннен кейін құжаттарымызды тапсырып, ол көмекті алдық толықтай.
2022 жылдың қаңтарынан бастап бүгінге дейін облысқа келген 42 дәрігер жеңілдетілген несие арқылы тұрғын үй алды. 108 маманға бір реттік көтермеақы берілген. Ал «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 15 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар медициналық мекемелердің техникалық-материалдық базасын жақсарту жұмыстары да қолға алынған.
Жақсылық Жанұзақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Осы көтерме жәрдемақысы қалаға келген мамандарға 5 млн теңге, аудандық орталыққа келген мамандарға 8,5 млн теңге және ауылдық жерге барған мамандарға 10 млн теңгеге дейін көтерілді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылдық жерлерде дәрігерлік амбулатория, медициналық пункттер және фельдшерлік-акушерлік пункт құрылыстары кестеге сәйкес құрылыстар ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталатын болады.
Облыстағы үш ауысымды мектептер мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде биыл 2 білім ошағы пайдалануға берілген. Сондай-ақ облыстық бюджет есебінен тағы 6 мектеп салынып жатыр. Осылайша, күрмеулі мәселе шешімін табады, - дейді жауаптылар.
Тілекқабыл Байдошев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Атырау облысы бойынша «Жайлы мектепке» 12 жайлы мектеп кірді. Соның 9-ы басталды. Үшеуі келесі жылы басталуға күтілуде. Облыстық бюджеттен 6 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Тасқала-2, Еркінқала-2, Көктем-2, Бірлік-2, сосын Индерде салынып жатыр, сосын Есбол, 6 мектеп салынып жатыр.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін биыл республикалық және жергілікті бюджеттен 3 млрд 548 млн теңге қаражат бөлінді. Соның арқасында 102 шаруашылыққа субсидия беріліп, 125 жаңа техника мен құрал-жабдық сатып алынған.
Сонымен қатар инвестициялық жоба аясында мал сою және мал бордақылау алаңы биыл іске қосылды. Бұдан бөлек, сыйымдылығы 21 тонна болатын 2 көкөніс қоймасы салынып жатыр.
Облыстық агроөнеркәсібін дамытуға биыл 3 млрд 548 млн теңге бөлінді.
Амангелді Саламат, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Биылғы жылы егін шаруашылығынан жалпы жоспарланған егінге 10600 гектардың қазіргі таңда 52%-і көктемгі су тасқыны кезінде су астында қалды. Соған қарамастан биылғы уражай былтырғы жылдармен салыстырғанда жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр. 140 мың тоннадай өнім алынды.
Облыста биылғы 10 айда 42 млн тонна мұнай мен 22 млрд текше метр ілеспе газ өндірілді. Ал былтыр 52 млн тонна мұнай шығарылған. Қазір өңірде ұлттық мұнай-газ компаниясы барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Соның арқасында алдағы уақытта мұнай мен газ өндіру көлемі артады», - дейді жауаптылар.
Ақбөбек Шарғабаева, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы:
- Келер жылдың басында «Келешек кеңею» жобасы іске қосылғаннан кейін мұнай көлемі ұлғаятын болады. Кезең-кезеңімен ұлғаяды. Жалпы жобаның қуаттылығы – 12 млн тонна. Мұнай өңдеу өнеркәсібі бойынша бізде бір-ақ зауыт бар. Оны өзіңіз білесіз, Атырау мұнай өңдеу зауыты. Оның жылдық қуаттылығы – 5,5 млн тонна. Биыл сол межеге де шығамыз деп отыр. Өзіңіз білесіз, олар биыл күрделі жөндеуден өтті.
Көктемгі тасқын қолбайлау болғанымен, әр салада өсу динамикасы байқалады. Өңірде өңдеу өнеркәсібі де алға жылжып келеді. Полипропилен өндіретін зауыт биыл тағы 3 өнімді өндіріске қоспақ. Бұдан бөлек, облыстағы экономикалық аймақ та жаңа кәсіпорындармен толығып жатыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Амантай Матенов