«Кең дала» бағдарламасы бойынша 600-ден астам шаруа қаржыландырылды

Биыл 600-ден астам ақмолалық шаруа «Кең дала» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алды. Қаржыландыру сомасы 60 миллиард теңгеге жуықтады. Осылайша, шаруалар кәсібін ширатып, мол өнім алу мүмкіндігіне ие.

Мемлекеттік қолдауға ие болғандардың бірі – Виталий Гончаров. Шаруа «Кең дала» бағдарламасы бойынша 950 млн теңгеден астам жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Осылайша, орақ науқанын уақытылы аяқтап, мол өнім жинады. Жылдық 5%-пен берілген кредит алдағы көктемгі дала жұмыстарына да пайдасын әкелмек.

Виталий Гончаров, серіктестік директоры:

- Бұл бізге қаржының айналуына септігін тигізді. Сонымен бірге гербицид, жанар-жағармай мен тұқым алуға мүмкіндік берді. Яғни, астықтың сатылуын күткеніміз жоқ. Техника жеткізушілерімен есеп айырысып, лайық өнім алдық.

Жалпы «Кең дала» бағдарламасы өсімдік шаруашылығымен айналысатындарға  арналған. Жобаның тағы бір қолайлы тұсы, шаруа игеріп отырған жерін кепілдікке қоя алады. Алынған қаржыны басқа мақсатқа жұмсауға тыйым салынған. Тек егістікке қажет шығындарды өтейді.

Мұрат Балпан, облыс әкімінің орынбасары:

- Ең бастысы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бар-жоғы 5%-пен несие алды. Қаражат кемі бір жылға беріледі. Яғни, келер жылдың наурыз айына дейін шаруалар да уақыт бар. Бағдарлама арқылы 60 млрд теңгеге 600-ден астам өтінім қаржыландырылды.

Бағдарлама келер жылы да жүзеге асырылады. Оған өтінім қабылдау науқаны 1 желтоқсанда басталады. Қазірдің өзінде шаруалардан 32 миллиард теңгеге өтінім түскен.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный.