Биыл Түркістан облысына ₸888 млрд инвестиция тартылды
Түркістан облысы инвестиция жөнінен республикада көш бастап келеді. Биыл аймаққа 888 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. Оның ішінде шетелдік компаниялардың үлесі 685 млн долларға тең. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді.
Облыс әкімінің есеп беру брифингіне 50-ден астам журналист қатысты. Дархан Сатыбалды облыс экономикасы үшін инвестицияның маңызы жоғары екенін атап өтті. Биыл шетелдік алпауыт компаниялардың қатысуымен 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:
- Атап айтқанда, өнеркәсіптік жылыжай кешені, алюминий бұйымдарын шығару, өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығару, каустикалық сода, кальций карбиді, әк, цемент шығаратын және фосфорит кендерін өңдеу мен мұнай өңдеу зауыты. Бұдан бөлек, қазан айында Түркістан қаласына 127 шетелдік компанияны шақырып, 301 млрд теңге көлемінде 35 меморандумға қол қойдық. Осы келісім арқылы дрон, бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорындарды ашу жұмыстары басталды.
Түркістан облысы халқының 80%-і ауылда тұрады. «Сондықтан ауылдарды қажетті инфрақұрылыммен қамту – кезек күттірмейтін мәселе», – деді аймақ басшысы.
Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:
- Облыста жалпы 2,1 млн тұрғын немесе 97,9%-і ауызсумен қамтылған. Биыл қосымша 30 елді мекен жаңадан ауызсу құбырына қосылып, 13 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Нәтижесінде халықты ауызсумен қамту деңгейі 98,6%-ке жетеді.
Өңірде табиғи газбен қамту жұмыстары жүйелі түрде орындалып жатыр. Бұған дейін 510 елді мекен көгілдір отынға қосылса, биыл тағы 47 елді мекенге сұйық отын жеткізілмек. Яғни, бұл жыл соңына дейін облыс халқының 85%-і табиғи газға қол жеткізеді деген сөз.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.