Қазатомөнеркәсіп отандық тауар өндірушілерді қолдауға ден қойды

Қазатомөнеркәсіп отандық тауар өндірушілерге елеулі қолдау көрсетіп отыр. Тек биылдың өзінде ғана 29 миллиард теңгеден астам сомаға келісімшарттар жасалған. Уран өндірісіне қажетті Қазақстанда шығарылған тауарларды сатып алу үшін жыл соңына дейін тағы да қосымша 2 миллиард теңгеге келісімшарт жасасу жоспарланып отыр. Бүгін ұлттық атом компаниясының өкілдері Астанада отандық тауар өндірушілермен кездесті.

Бүгін Астанада отандық тауар өндірушілермен ұзақмерзімді келісімдер жасалды. Қазатомөнеркәсіп өткізген форумда кәсіпкерлерге ұлттық компанияның сатып алуларына қатысу жолдары түсіндірілді.

Дархан Сағындықов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры:

- Біз отандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемін едәуір арттырдық. Ағымдағы жылы 29 миллиард теңгеден астам сомаға офтейк-келісімшарттар жасалды. Сондай-ақ бүгін 2 миллиард теңгеден астам сомаға қосымша офтейк-келісімшарттар жасадық. Нәтижесінде 2024 жылы 32 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар жасасамыз.

Ұлттық компанияда импортты алмастыру бойынша жергілікті жобалау кеңсесі жұмыс істейді. Басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповтың айтуынша, «Қазатомөнеркәсіп» пен Siemens компаниясы жоғары технологиялық жабдықтар шығару туралы стратегиялық келісімге қол қойған. Бұл жоба Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес жүзеге асып жатыр.

Қазатомөнеркәсіп «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, офтейк жүйесін дамытып жатыр. Бүгін жаңа тапсырыс алған кәсіпорындардың бірі – «УральскАгроРемМаш» зауыты.

Асхат Акчурин, «УральскАгроРемМаш» АҚ бас директорының орынбасары:

- Біздің зауыт төрт жыл бойы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясына арнайы техника жеткізіп келеді. Олар уран кеніштерінде қолданылады. Бүгін қосымша офтейк-келісімшартқа отырдық. Ұлттық компаниялардың ішінде «Қазатомөнеркәсіп» отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытындағы бастаманы бірінші боп көтергені қуантады.

Қазатомөнеркәсіп импортқа тәуелділікті азайту үшін Қазақстан машина жасаушылар одағымен бірлесіп, 60-тан астам тауар түрлерін отандық кәсіпорындарда шығаруды көздеп отыр. Бүгінгі форумның мақсаты да сол: еліміздің өндіріс қуатын арттырып, отандық экономиканың нығаюына үлес қосу.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Қанат Махмұтов.