Қарағанды облысының экономикалық өсімі 13,7% артты

Қарағанды облысында экономиканың барлық саласы бойынша ілгерілеушілік бар, деп хабарлайды 24kz.

Биылғы 10 айда өңірдегі кәсіпорындар 3 трлн теңгенің өнімін өндірген. Өткен жылдың осы уақыт аралығымен салыстырғанда облыс экономикасына құйылған инвестиция 15%-ке артқан. Жыл соңына дейін өңірде бірнеше мың адамды жұмыспен қамтитын 10 ірі жоба жүзеге асады. Аймақта кәсіпкерлік саласы, соның ішінде әлеуметтік бизнес жобалар қарқынды дамуда.

Бұл ерекше балаларды дамыту орталығы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында ашылған. Ол үшін мемлекеттік қолдаумен кәсіпкерге 5 миллион теңге грант қаражаты берілген. Мұнда ерекше балалардың дамуына психолог, логопед, тьютор сынды 14 маман қызмет көрсетеді.

Гүлзат Алдабергенова, «Ozim» ерекше балаларды дамыту орталығының тьютор маманы:

- Түске дейін 10 шақты бала, түстен кейін 10 шақты бала келеді. Бұл орталықта балалар болашақта толыққанды қоғамға өзін көрсете алатындай бейімделеді.

Әлеуметтік бизнес жобаларды қолдау биыл да жалғасын тапты. Кәспкерлерге 5 млн теңгенің грант қаражаты берілген. Бұған қоса, үстемесі 7%-тік несие мен кепілге қол жеткізуге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Соның арқасында биыл қоғамға әлеуметтік жағынан тіимді, өміршең деген 13 кәсіпкерлік нысан ашылды. Облыста 102 мыңнан астам кәсіпкер бар. Олардың өндіретін өнімі де артып отыр.

Абзал Рахымбаев, облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:

- Жылдың аяғына дейін бұл көрсеткіш 3,2 трлн-ды құрайды деп жоспарлап отырмыз. Бұл жерде айта кету керек, біздің Қарағанды индустриалды өңір. Бұл жерде үлкен «QARMET», «Қазақмыс» компаниялары бар. Біздің шағын кәсіпкерлер шығаратын өнім осы үлкен компаниялардың өніміне пара пар деп айтуға болады.

Өңір экономикасының барлық саласында ілгерілеушілік бар. Мысалы кәсіпкерліктің сауда-саттық бағыты бойынша даму үрдісі республика көлемінде 2-орынға шығып отыр. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросы дайындаған сараптамасы бойынша Қарағанды облысы ел көлемінде экономикасы жақсы дамып келе жатқан өңірлер арасында үштікке кірген.

Қарағанды облысында құрылыс саласы да қарқынды дамып келеді. Биыл 10 айда 424 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 1 мың шаршы метрге көп. Жыл соңына дейін 1500 отбасы баспаналы болады. Бұдан бөлек бірқатар әлеуметтік нысандар да салынды.

Абылай Смағұлов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл облыс төңірегінде 3 мектеп іске қосылған болатын. Ол жайлы мектеп Қарағанды қаласында, сосын мемлекеттік бюджет есебінен 600 орындық Күнгей ауданындағы мектеп және сонымен қатар Атамекен ауылында жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Былтырдан бері денсаулық сақтау бағдарламасы бойынша медициналық пункттердің құрылысы жоспарланған. Биыл 17 нысан іске қосылған болатын. Жылдың соңына дейін тағы да 9 нысан іске қосылады.

Ауыл шаруашылығы да – өңір экономикасының күретамыры. Биыл қарағандылық диқандар рекордтық көлемде 1 млн 300 мың тонна астық жинады. Өңірдегі агросала өндірушілері облысты ғана емес, Астана қаласын да өніммен қамтамасыз етіп отыр.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев. Зарина Зұлпыхар