Үкімет басшысы елордадағы кәсіпорындардың даму қарқынымен танысты

Астанада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7%-ке артты. Биылғы бірінші жартыжылдықта қаладағы жалпы өңірлік өнім көлемі 5,5 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды 24kz.

Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 7%-ке артық. Бүгін Премьер-министр қаладағы кәсіпорындарда металлургия, жеңіл және құрылыс өнеркәсібі, автомобиль мен теміржол машинасын жасау орындарының даму қарқынымен танысты.

Елде зауыттар мен цехтар саны артып келеді. Осылайша, Қазақстан өнеркәсіптік өндіріс саласына ден қойып отыр. Бүгін Үкімет басшысы Астанадағы модем, коммутаторлар және телефон аппараттарын жасайтын зауытқа барды. Бұл өндірістік цехті жаңғырту жұмыстарынан кейін ондағы құрылғылардың жылдық қуаты 720 мыңға дейін өсіп отыр.

Дастан Әбдірахманов, компания өкілі:

- Біз бұл көрсеткішпен тоқтап қалмаймыз. Жылдық қуат көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Қазір кадр тапшылығы мәселесі бар. Дегенмен, бұл біздің сапалы жұмыс істеуімізге әсер етпейді.

Альмира Оразбай, тілші:

- Ал бұл локомотив құрастыру зауыты. Жоба қазір америкалық компаниямен бірлесіп жүзеге асып жатыр. Оған 30 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылған. Бүгінде мұнда теміржол машинасын жасайтын 700 маман жұмыс істейді. Олар жылына 120 магистральдық тепловозды жасап шығарады.

Марат Тілеубаев, компания президенті:

- Мұнда сапалы жұмыс істеу үшін әлемге әйгілі алпауыт компаниялар жасап шығарған құрылғылар бар. Кесу, өңдеу секілді жабдықтар толықтай роботтандырылған. Тепловоздарға сертификатымыз беріледі. Қазір біздің локомотивтерді Қырғызстан елі қолданып жүр.

Премьер-министр алтын және тағы басқа бағалы металл жасайтын аффинаж зауытына барды. Мұнда жылына 25 тонна алтын мен 50 тонна күміс өндіріледі. Олжас Бектенов: «Бұл нысанды ел экономикасын әртараптандыру жөніндегі стратегияны іске асыруда шешуші рөл атқарады», - деді.

Евгений Глотов, қала әкімінің орынбасары:

- Біз қазір номері бірінші индустриялық парк аумағында тұрмыз. Мұнда 120-ға жуық индустриялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 70-ке жуығы толық пайдалануға берілді. 49-ы бойынша әлі жұмыс жүріп жатыр. Бүгінде алға қойған жоспарымыз көп.

«Мұндай жобаларды іске асыру – Мемлекет басышының алға қойған міндетіне сәйкес келеді», - деді Премьер-министр. Сондай-ақ ол еліміздің көлік-логистикалық хаб ретінде қалыптасуына ықпал ететінін атап өтті. Жалпы биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысына сәйкес, қаладағы жалпы өңірлік өнім көлемі 5,5 трлн теңгеге жетті. бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 7% артық. Сондай-ақ салаға тартылған инвестиция көлемі де жаман емес. Жыл басынан бері 1,3 трлн теңгеге жетті.

Авторы: Альмира Оразбай