Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25% дейін көтерді

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25%-ке дейін көтерді, деп хабарлайды 24kz.

Ақша-кредит саясаты комитеті шешім қабылдарда инфляция мен экономиканың өсіміне қатысты жаңа болжамдарды ескерген. Қазан айындағы деректер бойынша инфляция жеделдеп, Ұлттық банк мақсат еткен 5%-тік таргеттен әлдеқайда жоғары қалыптасты.

Ұлттық банк басшысы ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен бағаның өсу қарқыны артқанын айтады. Сыртқы факторға әлемдік азық-түлік бағасының өсуі, Ресейдегі жоғары инфляция мен айырбас бағамының тым құбылмалы болуы жатады. Ал тұрғын-үй коммуналдық қызметтер саласындағы реформалар, жоғары тұтынушылық сұраныс пен инфляциялық күтулер ішкі факторға саналып отыр.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Айырбастау бағамының әлсіреуінен, инфляцияның өсуі салдарынан пайыздық мөлшерлемелердің нақты мәнде төмендеуінен және оның алдағы кезеңдерге жоғарылатылған болжамдарынан жиынтық ақша-кредит шарттары жеңілдеді. Осылайша, ақша-кредит саясатының шараларымен фискалдық саясаттың проинфляциялық әсерін өтеу қажет. Жоғарыда айтылған факторлар мен тәуекелдер базалық мөлшерлемені көтеру арқылы тез және уақытылы шаралардың қабылдануын талап етті.

Инфляция халықтың сатып алу қабілетіне және экономиканың орнықтылығына әсер етеді. Тұрақсыз және жоғары инфляция азаматтардың жинақтары мен еңбек табысын құнсыздандырып, шетелдік активтерге ауысуға мәжбүрлейді. Сонымен қатар экономиканың өсу қарқынын бәсеңдетеді.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР ұб төрағасының орынбасары:

- Бүгін біз базалық ставканы көтердік. Біз инфляцияны 5%-ке дейін азайтуға тәуекелдер бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан ставканы төмендетуге әлі болмайды. Жоғары ставка инфляцияны тежеуге көмектеседі, бұл халыққа да, бизнеске де тиімді.

Ұлттық банк нарықта қалыптасқан жағдайды жіті бақылауында ұстамақ. Егер инфляция бойынша өзінің мақсаттық деңгейіне жетуге қажет болса, онда қосымша шаралар қабылдауға дайын. Ең басты міндет – баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, экономиканы тұрақтандыру.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Абдулхамит Бөлекбаев