Жамбыл облысында жел генераторлары бөлшегін шығаратын зауыт құрылысы басталды

Жамбыл облысында Орталық Азиядағы жел генераторлары бөлшегін шығаратын алғашқы зауыттың құрылысы басталды, деп хабарлайды 24kz.

Жоба Шу ауданындағы «Жібек жолы» экономикалық аймағында орналасады. Бүгін «Самұрық-Қазына» қоры, SANY Renewable Energy компаниясының өкілдері мен облыс басшысы зауыттың іргетасын қалады.

Инвестициялық жобаның жалпы құны 114 млн долларына тең. Қаржының 80%-ін қытайлық SANY R.E. компаниясы салса, қалғаны «Самұрық-Қазына» қорының үлесінде. Жоба аясында жел электр станцияларына арналған гондолалар, күпшектер, мұнаралар мен басқа да негізгі бөлшектері шығарылады.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Жобаның жергілікті өндіріс деңгейі кемінде 30% болады. Бұл үшін SANY R.E компаниясы қосымша R&D зерттеу орталығын ашуды жоспарлап отыр. Жалпы жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстанның даму институттарынан қосымша қарыз алынбайды.

Зауыт келер жылдың соңына дейін іске қосылып, 300-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады. Ал өнімін республикамыздан бөлек шетелге экспортау жоспарланған. Жалпы «Самұрық-Қазына» қоры 2030 жылға дейін серіктестермен бірлесіп 6 ГВт болатын нысандар салуды көздеп отыр.

Чжоу Фугуй, SANY Renewable Energy директорлар кеңесінің төрағасы:

- Қазақстанда баламалы энергия көзіне басымдық беріліп жатыр. Оның үстіне Жамбыл облысы жел энергиясын өндіруге өте қолайлы аймақ. Сондықтан жұмысымыз сәтті болатынына сенімдімін. Алдағы уақытта мамандарымыз осындағы қызметкерлермен тәжірибе алмасып, технологиясын үйретеді.

Sany R.Е. – жел генераторларын шығаратын әлемдегі ірі компаниялардың бірі. Осы айдағы нарықтық капитализациясы 5,3 млрд долларға жетті. Кәсіпорын Қытайдың «Зияткерлік өндіріс саласындағы эталондық кәсіпорын» ретінде танылған.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев