Қызылорда облысында төрт жылда 77 жоба жүзеге асады
4 жылда Қызылорда облысының өндірістік саласында 77 жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды 24KZ. Оған шамамен триллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Нәтижесінде 8500 адам жұмыспен қамтылады. Биыл 13 жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталып, оның 9-ы іске қосылды.
Екі жыл бұрын Қызылорда облысының өндірістік өңдеу саласы республика көлемінде 11-ші орында тұрды. Өңірде 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, қазір 9-шы орынға шықты. Жаңадан ашылған кәсіпорындар қатарында энергия үнемдегіш шыны шығаратын кәсіпорын да бар.
Хан Ли Джун, шыны зауытының бас директоры:
- Сұраныстың көптігіне байланысты біздің компания LOW-E деп аталатын қаптамасы бар энергия үнемдегіш шыныларды шығаратын желіні іске қосу үшін 15 миллион доллар бөлді. Бұл Орталық Азияда жүзеге асқан 5 жобаның бірі. Кәсіпорын жылына 5 миллион шаршы метр шыны шығара алады.
Өндіріске жаңа технологияны енгізу, қондырғыларды автоматтандыру нәтижесінде кәсіпорындардың өнімділігі жақсарды. Жыл басынан бері саладағы экономикалық өсім 23%-ке артқан. Өнім көлемі көбейіп, экспортқа шығару мүмкіншілігі артқан.
Бекболат Шәріпбеков, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
- Шикізат емес экспорты бойынша қазіргі таңда өнім көлемі 134 миллиард 200 миллион долларды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 есеге өсті. Облыста экспорттың құрамында өңделген өнім көлемі 23,9% құрайды. Облыстың негізгі өнім түрлері күріш, балық өнімдері, тұз, цемент, шыны, уран оксиді, метаванадат аммония және тағы басқалары болып табылады.
Енді жаңадан ашылған кәсіпорындарға техникалық мамандар қажет. Кадр тапшылығын жою үшін өңірде «Жаңа мамандықтар атласы» жүзеге асып жатыр. Соның негізінде ауыл шаруашылығы, сервистік қызмет, тау-кен және IT сынды түрлі сала мамандарын даярлауға күш салынып жатыр. Мысалы, өңірде Қазақстан және Оңтүстік Корея тараптарының келісімімен Жасанды интеллект институты ашылды.
Бейбіткүл Кәрімова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры:
- Силтехтың тарапынан зертханалық сыныптар ашылып, оларға қажетті жабдықтар, серверлар келіп, бизнес инкубаторы орталығы ашылып, дрондар жинайтын инженерлерді даярлау басталады. Сондай-ақ біздің 4 оқытушымыз жазда Силтехта тағылымдамадан өтіп келді.
Осыдан 2,5 жыл бұрын облыс бюджеті 364 миллиард теңге болса, биыл 744 миллиард теңгеге жетті. Қаржының жартысынан көбі әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруға жұмсалған. Өңірде жолдар жөнделіп, елді мекендерге су құбыры, газ торабы тартылып жатыр.
- Тұрғындардың 98,6% сапалы ауызсумен қамтылған
- Тұрғындардың 78% табиғи газбен қамтылған
- 300 шақырым автомобиль жолдары жөнделді
- Тозығы жеткен электр желілері 72%-тен 62%-ке қысқарды
- 9833 адам жұмыспен қамтылды
Өңірде құрылыс саласы да қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар 5 есеге артқан. Биыл 176 жобаны жүзеге асыруға 135 миллиард теңге бөлінген. Қаразат 189 әлеуметтік нысанның құрылысына да қарастырылған.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Ақан Әлиев, Айтмухамбет Байділдаев.