Елімізде «Кең дала-2» бағдарламасымен несиелендіру басталды

Диқандардың қолына мезгілінде тиген қаражат мол өнімге негіз қалайды. Елімізде бүгіннен бастап 2025 жылдың көктемгі-далалық жұмыстарын несиелендіру басталды, деп хабарлайды 24kz.

«Кең дала-2» бағдарламасы бойынша бүгін батысқазақстандық 8 шаруа 320 млн теңгенің жеңілдетілген несиесіне қол жеткізді. Ал жыл аяғына дейін өңірде 2 млрд теңгені игеру көзделген.

Бәйтеректік байырғы диқан Анатолий Кан 74 гектар алқапқа пияз, сәбіз, картоп, қырыққабат егеді. Қоймасы құр қалған кезі жоқ. Жинағанын жергілікті сауда сөрелеріне шығарады, артылғанын көрші облыстарға жөнелтеді. Әйтеуір өнім өткізуден қиналған емес. Жылда ол көктемгі далалық жұмыстарға қажетті қаржыны «Аграрлық несие корпорациясынан» алады. Бірақ құжатты ақпан-наурыз айларында жинайтын. Биыл қыс басталмай тұрып 20 млн теңге несиеге қол жеткізіпті.

Анатолий Кан, «Жаңа әлем» шаруа қожалығының басшысы:

- Алғашқылардың бірі болып бүгін несие алдым. Ол ақшаны тұқымға төлеймін. Алда тағы 20 млн теңге алғым келеді. Биыл бағдарлама өте ерте басталды. Бұл фермерлерге аса ыңғайлы. Жанар-жағар май, тұқым, тыңайтқышты, техниканы қыс бойы қамдап, егіске сақадай-сай дайын отыратын болдық. Әрі тұрақты 5%-пен беріп жатыр. Субсидияны күтіп отырмайсың. Ол да жақсы.

Көктемгі-далалық жұмыстарды қаржыландыруға арналған «Кең дала-2» бағдарламасының алғашқы күні облыста 8 диқан 320 млн теңге несие алған.

Марат Сарсеев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚОФ директоры:

- Ерекшелігі  – «Кең дала-2»-нің» кепілге «Даму» қоры 85% кепіл береді. Жаңағы бізден қаражат алып отырған кісі небәрі 15% кепілге қояды. Жеңілдетілген бағдарлама. Сонымен қатар биыл ақша-қаражат ерте беріліп жатыр. Құжаттар жиналды. Тізімі бар аламыз деп отырған кісілердің. Солар түгелдей қаражатпен қамтылады.

«Кең дала-2» бағдарламасымен жылдың аяғына дейін өңір шаруаларына 2 мрод теңге несие берілмек. Ал келер жылы облысқа 7 млрд теңге бөлу жоспарда.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э.Аюпов