Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2700 жоба жүзеге асты
Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2700 жоба жүзеге асты.
3 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жек кәсіп бастағандар көбейді.
Мәселен, Мұғалжар ауданында құны 1 млрд 400 млн теңге болатын 300-ге жуық жаңа жұмыс орны іске қосылды.
Мұғалжар ауданының Сағашилі ауылында бұрын наубайхана болмаған. Іргедегі зауыт пен шаруа қожалықтары нанды қаладан алдыртатын. Соны байқаған Гүлпара Қонысбай шағын цех ашып, ыстық нан сата бастады. Қажетті құрал-жабдық алу үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несие рәсімдеді. Қазір күніне 150 бөлке нан пісіреді.
Гүлпара Қонысбай, кәсіпкер:
- Ауыл тұрғындары алады. Бөлке нандар, қара нандар, батондар, пиццалар шағын, булочкілер, тәтті тағамдарын пісіріп жатамыз. Сұраныс бар. Осы жерде бір завод бар. Сол заводқа тасимын. Шаруа қожалықтары бар күніне алатын.
Мемлекеттік бағдарламаға иек артып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер екі аспазды тұрақты жұмыспен қамтыды. Жалпы Мұғалжар ауданында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асқалы дөңгелек жөндеу орталығы, монша мен шаштараз, көлікке техникалық қызмет көрсету станциясы сияқты 300-ге жуық жаңа бизнес нысаны іске қосылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 млрд 400 млн теңге қаржы бөлінді.
Мәрзия Гатауллина, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Мақұлданған жобалардың 40 пайызы мал шаруашылығы саласын қамтыды. Тұрғындар ірі-қара, жылқы мен қой-ешкі алып, шағын шаруашылық ашты. Құс шаруашылығы да бар. Әлі күнге дейін құжат тапсыруға ниет еткендер бар. Биылдың өзінде құны 1 млрд теңгеден асатын 176 жоба қабылданды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өңірге тиесілі 15 млрд теңге толықтай игерілді. Нәтижесінде 2700 жоба жүзеге асты. Атап айтсақ 6 млрд 100 млн теңге шағын және орта бизнес түрлерін ашуға бөлінсе, мал шаруашылығына 5,4 млрд, құс шаруашылығына 2,4 млрд теңге, ал өсімдік шаруашылығына 1,2 млрд теңге үлестірілген.
Жадыра Зұлқақова, "Ақтөбе" ӘКК қаржы менеджері:
- Қыркүйек айында 30-ы күні біз соңғы соманы игеріп бітірдік. Бірінші қазаннан бастап біз жаңа жобаға қабылдап жатырмыз. Жаңа келетін қаржыландыруға. 300-дің үстінде жоба қабылданды. Оның ішінде 200-ден аса жоба мақұлданып тұр. Қаржы бөлінген бойда мақұлданған жобаларға беріп бастаймыз.
Бұл алдағы жылдың еншісіндегі жоспарлар. Жалпы Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес шалғайдағы ауыл-аймақта шағын және орта бизнесті қолдауға 2029 жылға дейін 1 трлн теңге бөлінуі тиіс.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов