Геологиялық барлау саласына жасанды интеллект енгізіледі

Бұл туралы Үкімет отырысында Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді. Қазір Геологиялық деректерді цифрландыру бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. «Жасанды интеллектіні қолдану елдің геологиясы туралы жинақталған ақпаратты тез және тиімді пайдалануға әрі деректерді талдауға мүмкіндік береді», – дейді мамандар.

Елімізде геологиялық барлаудың инновациялық әдістері енгізіліп жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізіледі. Бұл жер қойнауының құрылымы туралы сапалы заманауи ақпарат беріп, жер қойнауын барлауға инвестиция тарту үшін қажетті деректер көзі болып саналады. Пилоттық жоба Солтүстік Балқаш және Қалба-Нарым аймағын қамтиды. Мәселен, қажетті учаскені егжей-тегжейлі зерделеу кезінде әлеуетті инвестор зерттелетін нысанның толық бейнесін талап етеді. Мұрағаттарда сақталатын бастапқы геологиялық ақпаратты сканерлеу және цифрландыру жүргізіледі. Былтырғы жылдан бастап материалдардың шамамен 40%-і цифрландырылды.

Сонымен қатар Қазақстанда мыс, алтын, күміс кен орындарын 1,5 км тереңдікте анықтай алатын тың технологиялар пайдаланылмақ. Сондай-ақ сала министрі елімізде сирек кездесетін металдардың болжамды қоры бар  аумақтар табылғанын айтты. Қазір мемлекеттік геологиялық зерттеу аясында 12 учаскеде іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кету керек, Күйректікөл учаскесінің сирек кездесетін металдар қоры шамамен 800 мың тоннаға бағаланып отыр. Ал бүгінде еліміздегі барланған алтын қоры оны өндіру көлемінен асып отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Ұлттық геологиялық қызмет тиісті қолдау мен өкілеттіктерге ие болып, оның ғылыми-технологиялық инфрақұрылымын дамыту керек. Бұл бағытта «Самұрық-Қазына» қорымен бірлескен жұмысты үйлестірудің маңызы көрсетілген. Заманауи технологияларды, оның ішінде жердегі зерттеулерге шығындарды қысқартуға мүмкіндік беретін аэрогеофизикалық түсірілімді пайдалану мәселелеріне де назар аудару қажет. 30 жыл болған және одан да бұрын алынған геологиялық ақпаратты цифрландыру керек.

Сондай-ақ соңғы 30 жылда Қазақстанда темір, марганец, алтын, уран, мұнай және газ қорларының едәуір өскен. Жалпы Қазақстанның минералдық-шикізат базасында 987 қатты пайдалы қазба бар. Оларды барлау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Көмірсутектер саласындағы геологиялық барлауға инвестиция тартыла бастады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы. Ержан Қанапияұлы.