Бектенов: Еліміздің жерасты ұлттық байлығын әуелі мемлекеттік компаниялар барлауы қажет
Еліміздің жерасты ұлттық байлығын әуелі мемлекеттік компаниялар игеріп, барлауы қажет.
Тек содан кейін ғана шетелдік инвестор тартуға болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты. Сонда ғана жер қойнауындағы байлықтың бағасы өсіп, елге зор пайда әкеледі. Сондай-ақ тау жыныстарын талдамалық зерттеу бойынша халықаралық стандарттарға сай келетін мамандандырылған аккредиттелген зертхана құрылуы тиіс. Үкімет басшысы салалық министрлікке осы және өзге де бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Геологиялық барлау жұмыстары жетілдіріледі
Ежелден Қазақстанның қойнауы қазынаға толы. Жекелеген металдардың қоры бойынша жетекші орындамыз. Алайда соған қарамастан бізде кен өндіру деңгейі кеміп барады. Оған себеп, қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек қорын іздестіру жұмыстарының қарқыны төмендеп кеткен. Үкімет басшысы салалық министрлікке аталған бағыттың «тамырына қан жүгірту» қажеттігін тапсырды. Әрі, жаңа кен орындарын игеруге бағытталған мемлекеттік саясат әзірлеуді ұсынды. Демек барлауда тың тәсілдер қажет.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы 2026 жылдан бастап геологиялық зерттеу алаңын 1,5 млн-нан 2 млн 200 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайту міндетін қойды. Қазірдің өзінде жер қойнауын зерттелген аумағы 2 млн шаршы шақырымға жеткізілді. Сонымен қатар биыл шамамен 1 млн шаршы шақырым аумақта пайдалы қатты қазбаларды барлау алаңдары ашылды. Бұл Riotinto, Fortescue, Arras Minerals сияқты және басқа да ірі халықаралық компанияларды тартуға мүмкіндік берді. Біз өзіміздің жер астында жатқан ұлттық байлағымызды біріншіден ұлттық компанияға беріп, барлау жүргізіп, оны дамытып, игеріп сосын инвестор таруымыз қажет. Сонда ғана оның бағасы өседі, мемлекет пайдасын көреді.
Сонымен қатар Каспий маңында барланған 8 учаске мемлекетке қайтарылды. Себебі, ондағы келісімшарттық міндеттемелер орындалмай жұмыс жүргізілмеген. Қазір тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- 2023-2024 жылдары Каспий маңы бассейнінде осындай 8 учаске анықталды. Аталған 8 келісімшарт бүгінде тоқтатылды. Осы жылы 4 учаске аукционға қойылды, олар бойынша жыл соңына дейін қол қою жоспарлануда. Қалған 4 учаске келесі жылы шығарылады немесе олар бойынша келісімшарттарға тікелей қол қоюды жоспарлап отырмыз.
Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев елімізде сирек кездесетін металдардың болжамды қоры бар аумақтар табылғанын айтты. Қазір мемлекеттік геологиялық зерттеу аясында 12 учаскеде іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы Қазақстанның минералдық-шикізат базасында 987 қатты пайдалы қазба бар. Оларды барлау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, геология салаларын автоматтандыру мақсатында бірыңғай платформа құрылмақ.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Жер қойнауын пайдалану және геология салаларын автоматтандыру мақсатында minerals.e-qazyna.kz бірыңғай платформасын құру бойынша халықаралық тәжірибе негізінде жұмыстар жүргізілуде. Бірыңғай платформада инвестордың өтінім беруінен бастап, лицензия алуына дейін цифрландырылған процесс іске асырылады. Осы бағытта Финляндия геопорталының моделі негізге алынды.
Сонымен қатар, Олжас Бектенов геологиялық зерттеу саласын цифрландыру қажеттігін айтты. Заманауи технологияларды, оның ішінде жерүсті зерттеулеріне қажетті шығындарды азайтатын аэрогеофизикалық түсірілімді пайдалану қажет. Себебі, кей деректердің қағаз немесе пленка түрінде сақталғанына 30 жылдан асқан. Былтырғы жылдан бастап материалдардың шамамен 40%-ы цифрландырылған.
Айнұр Қуатқызы, Ержан Қанапияұлы