Жылқы тұқымын асылдандыру керек

Елде жылқы көбейді.

Қазіргі санақ бойынша 4,2 млн Қамбар ата түлігі бар. Алайда, мамандар "санға емес, сапаға мән беру керек" дейді. Өйткені жылқы атаулының 1 пайыздан астамы ғана асыл тұқымды. Қазақ жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Әлібек Базарғалиевтың айтуынша, алдағы жарты жылда салада үлкен ревизия жасалады. Ондағы мақсат - нақты асылданған жылқы санын анықтау. Сәтін салса, 5 жылда асылтұқымды жануар үлесін 5-6 пайызға жеткізу көзделеді. Қазір ел аумағында түрлі бағыттағы 13 жылқы тұқымы өсіріледі. Кей түрі тіпті жойылудың алдында тұр.

цитата:Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанда жылқының бірнеше түрі бар. Оның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының орны ерекше. Кейін оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мен бұған дейін Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны әлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мықты екені белгілі, алайда жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр, небәрі 280 бас қалды. Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет.

Жылқыға жайылым тапшы

Жылқыға жайылым керек. Мәселені жедел шешпесе, қытымыр қысқа шыдамай қырылып жатқан мал көбейеді. Қазақ жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Әлібек Базарғалиев осылай дейді. Ол жылқы азығын дайындауға немқұрайлы қарауға болмайтынын ескертеді. Жылқы өнімдерін өңдеу де басты назарға алынуы тиіс. Тіпті, экспортқа көңіл бөлінбек. Мәселен, ет өнімдері ел ішінде ғана сұраныста. Енді Қытай мен Еуропаға жеткізу жоспары бар. Ал Қарағанды мен Қостанайда өндірілетін саумалды алуға қызығушылық танытқан нарық көп. Ғалымдар таяуда ет-сүт, сондай-ақ спорттық бағыттағы жылқылардың нақты санын анықтайды. Кейін салаға қажет мемлекеттік қолдау да айқындала түседі. 

Әлібек Базарғалиев, "Қазақ жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу институты" ЖШС Басқарма төрағасы:

- Солтүстік өңірлерде, шығыс жағында қысымыз қатты болып, жылқылар үлкен шығынға ұшырап жатқан жағдайы бар. Соңғы 10-15 жылда. Сондықтан, жердің проблемасы жақын арада шешіледі деп айтуға болмайды. Неге десеңіз, қазір әр хозяйствода өздерінің жерлері бар. Бірақ олардың жаздық жайылымы болғанымен, қысқы тебіндейтін жерлері, үлкен шаруашылықтарда болмаса, көптеген шаруашылықтарда ондай жағдайлары жоқ. Қыстан аман-есен алып шығамыз деген ой болса, осы жем-шөп бағытын дамытып, қысқа азық дайындау.

Елде мал басы артты

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, елде мал басы артты. Ірі қараның жалпы саны 8,2 млн-нан асқан. Оның ішінде сиырдың үлесі 4 жарым млн-ға жуықтады. Жылқы басы 4 млн-нан асады. Оның дені Түркістан, Абай, Қарағанды өңірлерінде. Бұдан бөлек елде үш млн-ға тарта түйе өсіріледі.

Мал басы артты:

Сиыр  - 4,4 млн (123,3%)

Жылқы - 4,1 млн (104,9%)

Түйе - 2,8 млн (104,7%)

Сүт өндірісіне қолдау қажет

Биыл елде 3 млн тоннаға жуық сүт өндірілді. Бұл былтырғыдан 104 пайызға көп. Әсіресе жеке шаруашылықтардағы өндіріс көлемі айтарлықтай. Десе де, дүкен сөрелерінде импорттық өнімнің үлесі басым. Бағаға шаққанда 2,5 пайызға артық. Сырттан келген сүтке 289 млн теңге жұмсалды. Сүт одағының басшысы Владимир Кожевниковтың сөзіне сүйенсек, біздегі мемлекеттік қолдау көрші елдермен салыстырғанда кенжелеп тұр. Бұл өндіріске әсер етеді. Қазақстандықтар тұтынып отырған импорттық сүттің 90 пайызы ЕАЭО елдерінен келеді.