Қостанайда бекіре өсіріледі
2030 жылы Қостанай облысында 10 мың тонна тауарлы балық аулануы керек.
Ауыл шаруашылығы министрлігі осындай міндет қойған. Ал биыл өңірде алынған балық көлемі 500 тонна шамасында ғана.
Жоспарды орындау мақсатында облыста бірнеше инвестициялық жобалар қолға алынды. Соның бірі бекіре өсіру фермасы.
Кәсіпкер Валентин Ищенко бекіре өсіремін дегенде басында күмәнмен қарағандар да болды. Енді ше, Каспий теңізі мен Жайықта ғана өсіп-өнетін балық түрінің, теріскейді жерсініп кетеріне сене қою қиын еді. Алты-жеті жыл бұрын шағын тоғанда шабақтарын өсіріп көрген кәсіпкер, былтыр бекіре фермасын салуға бел буыпты. Енді міне суға толы 16 бассейінде уылдырығынан өсірілген балықтар ойнақ салып, шоршып жүр.
Валентин Ищенко, кәсіпкер:
- Бекіренің бес түрін өсіріп жатырмыз. Қазір бізде шабағын қоса есептегенде 3 мыңнан астам балық бар. Басында жылына 20 тонна өндіріп, шығару жоспарымыз болған. Енді 45 тоннаға жеткізуді межелеп отырмыз.
Бекіре әдетте су айдынында екі-үш жылда өсіп жетіледі. Ал жабық жағдайда бір жылдың ішінде тауарлы балыққа айналады. Жақында ферма ішінен шағын цех ашылды. Енді олар құр балық түрінде сатпай, одан түрлі өнімдер жасауды қолға алған.
Роман Герберсагин, технолог:
- Қазіргі кезде күніне 500 келі балықты өңдейміз. Келешекте бекіреден 100-ге жуық өнім түрін шығаруды көздеп отырмыз.
Алға қойып отырған үлкен мақсаттары, аналық балықты жеке өсіріп, уылдырық өндірсек дейді. Бірақ қаржы институттары бұл салаға қолдау көрсетуге құлық таныта қоймайды-дейді кәсіпкер.
Валентин Ищенко, кәсіпкер:
- Өздеріне таңсық болғандықтан ба, бұл кәсіпті қаржыландыруға банкілер ынта таныта қоймайды. Егер жеңілдетілген несие берсе, үлкен көлемде бекіреден тыс, бақтақ, жайын сияқты балықтарды өсіруге болар еді.
Облыс бойынша 266 су айдыны жеке пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Соның 70-сі тауарлы балық өсірумен айналысды. Олар биыл 500 тоннаға жуық балық өткізуі тиіс. Ал 2030 жылы бұл көлемді 10 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Алдағы басты міндет- осы межені бағындыру.
Маржангүл Дәндібаева, Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:
- Аква өсірумен айналысатын шараушылықтарға. Өнімнің сапасын арттыру бойынша субсидиялар қарастырылған 50 пайыз мөлшерінде. Ал инвестициялық салымдар кезінде 25 пайыз субсидияланады шығындары. Сосын үкімет тарапынан тағыда льготная кредитование жеңілдік қарастылыған 2,5 пайыз.
Бекіре фермасы өзінің алғашқы өнімдерін облыс аумағында өткізіп жатыр. Қазақстанның басқа өңірлерінен де сұраныс түсіпті. Егер одан әрі дамысақ, экспортқа да өнім шығаратын мүмкіндігіміз бар, дейді кәсіпкер.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг