Ауыл шаруашылығы саласында ₸142 млрд тиімсіз пайдаланылған

Ауыл шаруашылығына жүргізілген аудит нәтижелері бойынша 142 миллиард теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланып, пайдаланылған.

Бұдан бөлек, 2 миллиард теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Жоғары аудиторлық палата төрағасы Мәжіліс отырысында осылай деді. Әлихан Смайыловтың айтуынша, экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда шамамен 5 миллиард теңгеге жеткен. Қазір бюджетке 2 миллиард өтеліп отыр. Сондай-ақ 322 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында органдарға жолданды. Алдағы уақытта 4 факт, құқық қорғау органдарының қарауына жіберіледі.

Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:

- 5 жыл ішінде субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 трлн тг бөлінді. Алайда бірқатар жүйелі проблемалар олардың әсерін шектеп отыр. Бірінші саланы жоспарлауда стратегиялық кешміліктер мен сабақтастықтың болмауы. Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы 10 жылда бірнеше бағдарламалық құжаттар қабылдады. Олардың көбісі соңына дейін жеткізілген жоқ. Іске асыру ортасында мерзімінен бұрын  күштері жойылды. Басымдықтар үнемі өзгеріп отырды. Бұл саланы мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесін құруға кедергі келтірді.

Белгілі болғандай, субсидиялау жүйесінде де кемшіліктер бар. 5 жылда оларды ұсыну мен іске асыру тетігіне 70-тен астам өзгеріс енгізілген. Ал ережелер кейбір кезде кешіктіріліп қабылданған. 5 жыл  өтсе де, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұлғайтуды субсидиялау туралы ережелер әлі де жоқ. Осылай деген Әлихан Смайылов, мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалану мәселесінің шешілмей тұрғанын алға тартты. Қазір 17 бағыт бойынша 67 субсидия түрі бар. Бірақ аудиторлар олардың әсері «шамалы» деп бағалады. Ал мұндай қолдауды алушылардың жұмысы тіпті бақыланбайды. Сондай-ақ аудиторлық тексерулердің нәтижесінде, субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті агроөнеркәсіп кешенінінің субъектілеріне жатпайдындығы анықталып отыр.