Қазақстанда дәрі-дәрмек құны 25%-ке дейін арзандауы мүмкін

Дәріханалардағы отандық дәрі-дәрмектің үлесін арттыру үшін кешенді жоспар түзу қажет. Сарапшылар пікірі осындай. Ал доллардың өсуі дәрі құнына қалай әсер етті?

Биыл 100 дәріхана банкрот болды

Отандық дәріханалардың жыл сайынғы табысы 1 трлн теңге шамасында. Алайда кейінгі кезде лицензиясы бар дәрі-дәрмек дүкендерінде сауда 2 есе түсіп кеткен. Тіпті биыл 100 нысан банкрот болды. Өйткені, халық арасында фармацевтикалық өнімді бөліп төлеуге алатындар көбейді. Мұндайда кәсіпкерлер банкке 5%-ін төлеуге тиіс. Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының жетекшісі Талғат Омаров дәріні таңбалау үдерісінің де нарыққа әсер еткенін айтады. Себебі фармацевтердің көбі техникалық кедергілерге тап боп жатыр. Кодты сатып алу, оны енгізу, қосымша маман жалдау үлкен шығынға алып келген. Оның үстіне сырттан келетін жабдықтардың бағасы қолжетімсіз. «Бұл дәрі-дәрмек құнына кері әсер етуі мүмкін», – дейді сарапшы. Доллар бағамы да бағаға әсер етпей қоймайды.

 

Арзан дәрінің сапасы күмәнді

«Соның әсері болар, көпшілік дәрі-дәрмекті онлайн алуға құмартып жүр. Себебі арзан. Ал сапасы күмәнді», – дейді сарапшылар. Мұндай нарықтағы өнімнің дені заңсыз тасымалдануы мүмкін. Ішіп отырған дәріміз шипасыз у болмауы үшін жеткізушілерге талапты күшейту керек. Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының жетекшісі: «Кәсіби фармацевттің болуы міндетті әрі дәрі-дәрмектің дұрыс сақталып, рецептпен берілуін қадағалау маңызды», – дейді.

Талғат Омаров, тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының жетекшісі:

- Неге ол арзан болады? Өйткені ол – контрабанда түрінде кірген өнім. Оны, біріншіден, дұрыс арнайы көлікпен әкелмейді. Оны жаппай басқа груздармен бірге әкеле салады. Бұл жерде температурасы сақталу керек. Бізде 3 температуралық режим бар. Ол 8-ге дейін, +15, +25. Егер ол сақталмаса, ендеше оны дәрі деп айтуға болмайды. Сондықтан біз онлайн сатылымды құртуымыз керек.

 

Дәрі-дәрмек құны арзандауы мүмкін

Ал Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек құнын 25%-ке дейін арзандатуға ниетті. Құзырлы ведомство бағаны қалыптастыру механизмдеріне өзгерістер енгізбек. Тиісті бұйрық Әділет министрлігінің қарауында. Министрлік бағаны тіркеуде бірыңғай тәсіл енгізбек. Осылайша, дәрі-дәрмектің негізсіз қымбаттауына жол бермеу көзделеді. Осыған дейін маркетинг және тасымалдау шығындары 30%-ке дейін жетіп, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен тағы 15% үстеме қосылатын еді. Енді қосымша шығындарды алып тастау ұсынылды.

 

Отандық дәрі-дәрмек үлесін арттыру маңызды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен нарықтағы отандық дәрілердің үлесін 50%-ке жеткізу көзделеді. Қазіргі көрсеткіш 16-20% аралығында. Сарапшылар межеге жету үшін кешенді жол картасын түзуді ұсынады.

Талғат Омаров, тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының жетекшісі:

- Бұл саясатқа жергілікті әкімдік қосылу керек. Жалғыз ДСМ емес, басқа да министрліктер қосылу керек. Неге десеңіз, біз маман тәрбиелеуіміз керек. Оған білім орталығы, лаборатория керек. Лабораторияға бәрін шетелден әкелу керек. Үздік технологияларды әкелуіміз керек. Соның арқасында ғана біз дамыта аламыз. Егер біз лаборатория жоқ болса немесе мамандарымыз аз болса, біз 50%-ке жеткізе алмаймыз.

 

Ауырып ем іздегенше...

Қазақстандықтар ауырып ем іздеуден гөрі, ауырмаудың жолын іздеуге көңіл бөле бастады. Халықаралық фармацевтика компаниясы жүргізген зерттеуге сүйенсек, елде профилактикалық дәрілерге сұраныс артқан. Жыл басынан бері жүйке жүйесін реттеуге арналған магний препаратының саудасы 52,7%-ке өсті. Ішек микрофлорасын жақсартатын өнімдер нарығы 28,7%-ке артқан. Әсіресе, рецептісіз берілетін дәрілер мен биологиялық белсенді қоспалар сұранысқа ие. Бұдан бөлек, түйілуді басатын дәрілер, түрлі спрейлерге қызығушылық артқан. Жүректі емдеуге арналған препараттар нарығы да едәуір артты.