Жылу электр станцияларын жөндеуге ₸327 млрд бөлінді
Биыл жылу электр стансыларын жөндеу мен реконструкциялауға 327 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды 24KZ. Қаржыландыру былтырмен салыстырғанда біршама артық. Сәйкесінше осы жылы жылу қондырғыларының тозу деңгейі 4%-ке төмендеп отыр. Энергетиктер өздерінің кәсіби мерекесінде саланың дамуы жолында атқарып жатқан жұмыстарын айтып берген болатын.
Елде 460 мың шақырымнан астам электр желісі бар. Олардың тозу деңгейі қазір 60%-ке жетті. Әсіресе Батыс Қазақстан облысын айта кету керек. Аймақтағы желілердің ескіруі 82%. Қатты жел соқса, тұрғындар жарықсыз қалады. Елдегі ауқымды мәселені шешу жолында «тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске қосылды. Ол алдағы 5 жылда коммуналдық инфрақұрылымдардың тозуын 20%-ке азайтуға мүмкіндік береді.
Дархан Әлиақпаров, ҚР Энергетика министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:
- Электр желілеріне келетін болсақ, 20,800 км электр желілері күрделі жөндеуден өтті. 416 қосалқы станция қосымша жөнделді. 542 км жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы электр стансыларындағы көмір қорына, қосалқы қондырғылардың болуына бақылау жүргіземіз. Көмір қорына келсек, бүгінгі таңда 5,4 млн көмір қоры жинақталған.
Қазір республикадағы жылыту маусымы үздіксіз өтіп жатыр. Биыл 10 энергоблок және 100-ге жуық қазандық пен турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. «Көзделген межеге жету уақыты аяқталуға жақын», – дейді мамандар. Ал енді саладағы электр стансыларын жөндеуге биыл 327 миллиард теңге бөлінді. Қаржы ең алдымен апатты жылу жүйелеріндегі проблемаларды шешуге бағытталды.
Илья Рожков, ҚР Энергетика министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:
- Биылғы реконструкциялау жұмыстарының аясында жылу электр орталықтарының тозуы 65%-тен 61%-ке азаяды деп болжанып отыр. Мәселен, Риддер жылу электр орталығының қазір тозуы 58%. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 54%-ке қысқарады деп күтіліп отыр. Сол секілді Кентау қаласындағы орталықтың ескіруі 85-тен 65%-ке азайту жоспарланған.
Қазір саланың негізгі міндеттерінің біріне «жасыл энергетикаға» кезең-кезеңімен көшу жұмысы жатады. Биыл елімізде жалпы қуаты 34 мегаватт болатын жаңартылған энергия көздерінің үш жаңа нысаны іске қосылды. Ал жалпы соңғы 8 жылда оның қуаты 16 есе артқан.
Рүстем Қыдырбеков, ҚР Энергетика министрлігі департаменті директорының орынбасары:
- Жаңартылған энергия көздерінің үлесі соңғы 10 ай ішінде 6,67%-ті құрады және бүгінде Қазақстанда 148 жаңартылған энергия көздері нысандары жұмыс жасап отыр. Біздің мемлекетте ЖЭК нысандарына көптеген инвестициялық преференциялар көзделген. Ол дегеніміз – кепілді түрде электр энергиясын сатып алу және аукциондық тетік арқылы жүзеге асатын жобалардың тарифтерін жыл сайын индексациялау.
Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта қуаты 1,5 мың мегаватт болатын 64 «жасыл» жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 2030 жылы электрмен жабдықтау бағытындағы жаңартылған энергия көздерінің үлесін 15%-ке арттыру көзделді.
Авторы: Альмира Оразбай.