Ақмола облысының қайта өңдеу саласында өсім бар

Ақмола облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында өсім бар. 

  Жыл басынан бері 228 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Әсіресе ет пен өсімдік майының өнім көлемі артқан. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін, алдағы үш жылда 70 пайызға дейін жеткізуді тапсырды. Осыған орай, өңірде кешенді жоспар құрылып, алдағы үш жылдың жол картасы әзірленді.

Бұланды ауданы орталығындағы мына зауыт тәулігіне 600 тонна өсімдік майын өндіреді. Нысан толығымен автоматтандырылған. Өнім сапасын бақылайтын бірнеше зертхана жұмыс істейді. Қазір зауытта майдың үш түрі шығарылады. Дайын өнім ішкі нарыққа ғана емес, алыс-жақын шетелге де экспортталады. Сұраныс жоғары болғандықтан, зауытта май өңдейтін тағы бір жаңа нысан салынып жатыр.

Василий Боревич, зауыт директоры:

- Жаңа нысан өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сәйкесінше, қуаттылықта артады. Мәселен, қазір біз тәулігіне 600 тонна май өндірсек, жаңа нысанның күшімен бұл көрсеткішті 700 тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Жалпы, біздің өндіріс ошағы қалдықсыз әрі табиғи өнім шығарады. Біздің майды көбіне жергілікті құс фабрикалары алады. Рапс майына сүт зауыттарынан сұраныс жоғары. Ал зығыр майын Қытайға экспорттаймыз.

Майдың жартысы өңірде өңделеді. Ал қайта өңделген ет өнімі 80 пайызға жетті. Жалпы аймақта 60-тан астам кәсіпорын нарыққа өнім шығарады. Алда олардың қатары көбейе түспек.

Марал Жақыпова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- 2024-2026 жылдарға арналған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жол картасы Ақмола облысының әкімімен бекітілді. Оның ішінде 132,3 млрд теңге сомасында 80 ірі перспективті инвестициялық жобалар еңгізілді.

Үш жылға жоспарланған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асады. Мәселен, биыл 30 млрд.теңгені құрайтын 27-і жоба аяқталды. Келер жылы тағы 26 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко