Шудағы аммоний бифторид өндіретін зауыт толық қуатта жұмыс істеп жатыр
Жамбыл облысында елдегі аммоний бифторид өндіретін бірегей зауыт толық қуатта жұмыс істеуге көшті, деп хабарлайды 24KZ. Химиялық өнім уран өндірісінде кеңінен қолданылады. Бұған дейін бұл тауар Қытайдан импортталатын. Енді отандық өндіріс ішкі сұранысты қамтамасыз етпек.
Аммоний бифторид өндіретін зауыт Шу ауданындағы Жібек жолы арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Отандық инвесторлар өндірісті бастамас бұрын әлемдік тәжірибені ескерген. Бірақ олардың моделі үлкен, шығаратын өнім көлемі көп, қаржысы да орасан болғандықтан, ғалымдармен бірлесіп, ықшамдалған жаңа жоба жасады. Нәтижесінде жылына 200 тонна тауар шығаратын зауыттың моделін ойлап тапты.
Алексей Дёмкин, зауыттың бас инженері:
- Өкінішке қарай, аммоний бифторид өндірісіне қатысты оқулықтар, оны шығару тетігі қолжетімді емес. Сондықтан біз технологиясын нөлден бастап өзіміз құрдық. 6 жылдық зерттеу мен тәжірибенің арқасында өнімге қол жеткізіп отырмыз.
Кәсіпорындағы құрылғының басым көпшілігі инженер-ғалымдардың тапсырысы бойынша Жамбыл облысында жасалған. Жалпы жоба құны 538 миллион теңге. Оның 341 миллионы инновациялық жобаны қолдау үшін Ғылым министрлігінен грант ретінде бөлінген. Қалған қаржы инвестор есебінен шығарылды.
Санжар Жылысбаев, зауыт директоры:
- Ең алдымен еліміздегі қажеттілікті толығымен өтеуді жоспарлап отырмыз. Одан кейін тауарымызды ТМД елдеріне экспортқа шығарамыз. Жалпы біздің өнім уран, мұнай өндірісінде жерді жұмсартып, құбырларды тазартуға және әйнек шығаруда қолданылады.
Автоматтандырылған өндірісте 10 адам жұмыс істейді. Инвестор келер жылы зауытты кеңейтіп, өнім мен жұмысшылар санын екі есеге арттырмақ. Мұндай бастамаға аудан билігі көмек қолын созуға дайын.
Серікхан Пернеш, Шу ауданы әкімінің орынбасары:
- Осы арнайы экономикалық аймақта орналасқан жерге инвесторлар келсе, осы шетелден тауар құрал-жабдық алса, біздің тараптан ол кедендік салықтан босатылады. Сондай-ақ осы аймақта бүкіл инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Қазір Жібек жолы арнайы экономикалық аймағында 355 миллиард теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асып жатыр. Зауыттар іске қосылса, 2300-ден аса жұмыс орны ашылады.
Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә.