Еліміздегі электр қуатының өндірісін арттыру көзделді

Жаңа қуат көздерін қосу арқылы елдегі электр қуатының өндірісі 7,3 гигаВатқа арта түспек.

Бұл туралы Үкіметте өткен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мәселесіне арналған кеңесте айтылды. Бүгінде электр энергиясын өндірудегі 15 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 14 нысанды жаңғырту көзделген. Осылайша қуат өндіруші көздердің тозу деңгейі 15 пайызға төмендейді. Бұдан бөлек, ескірген жылу көздерінің үлесін 53 пайыздан 40 пайызға дейін, ал электрқуаты көздерінің үлесін 62 пайыздан 45 пайызға дейін төмендету жоспарда бар. Сумен қамту желілерінің тозу деңгейін 39 пайыздан 34-ке дейін азайту көзделген. 2029 жылға дейін бұл мақсаттарға 7 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінбек. Премьер-министр Олжас Бектенов энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба тозған инфрақұрылымның үлесін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Кеңес қорытындысы бойынша ұлттық жобаның тәсілдері мақұлданды. Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуды тапсырған еді.