Маркетплейстердің дәурені жүріп тұр
Елдегі электрондық коммерция нарығына логистикалық инфрақұрылымның дамуы оң ықпал етіп жатыр.
Тапсырыс жылдам жеткізіледі. Бөліп төлеу мүмкіндігі бар. Саудагерлердің де тиімді ұсыныстары көрсеткішті еселей түсті. Алғашқы жартыжылдықта отандық маркетплейстер жалпы онлайн сауданың 66%-ін қамтыды. Тұтынушылар негізінен электроника, зергерлік бұйымдар, киім-кешек, үйге арналған тауарлар мен тұрмыстық техниканы онлайн сатып алады.
Онлайн сауда дәстүрлі сауданы ығыстыруы мүмкін
Жалпы онлайн сауда дәстүрлі сауданы ығыстыруы мүмкін. Қазірдің өзінде кәсіпкерлердің 5-7%-і нарықтан кеткен. Дегенмен орны толады. Өйткені еңбекке қабілетті қазақстандықтардың басым бөлігі осы салада қызмет етеді. Астанадағы Сауда үйлері қауымдастығының мүшесі Мұхтар Есболғанов «әсіресе шетелдік маркетплейстерге талапты күшейту қажет», - дейді. Оларды тіркеуге алып, салық төлету керек. Әрі тұтынушылар құқығының қорғалатынына кепіл болуы маңызды. Қазір Қытай арзан тауарларымен нарықты жаулап жатыр. Бұл дәстүрлі саудаға соққы. Ахуал жалғаса берсе 1 млн-ға жуық адам нәпақасыз қалуы мүмкін. Мұхтар Есболғанов «технологияның дамып жатқанын естен шығармау керек», - деді. Кәсіпкерлер де заман талабына қарай дамуы қажеттігін ескертті.
Мұхтар Есболғанов, Астанадағы Сауда үйлері қауымдастығының мүшесі:
- Қазақстанның экономикасы 18% осы дәстүрлі сауданың арқасында болып тұр. Осы дәстүрлі саудада 16,2% жұмысқа сәйкес келетін азаматтардың саны саудада жүр. Жылдан жылға әсері тиеді, тигенін байқап тұрмыз. Өйткені әртүрлі, бірдей емес жағдайлары. Дәстүрлі сауда саудагерлері салығын төлейді. Кеден салығын төлейді. Арендаларын төлейді. Жүк тасымалына төлейді. Соның бәрін санағанда маркетплейстерге қарағанда өте қымбат болады. Әрине олар арзанмен сатып құтылып отыр.
2 млн шаршы метр қойма қажет
Бүгінде электронды сауда нарығы 5 млрд долларға жуықтады. Онлайн сауда дамыған сайын қоймаларға сұраныс арта түскен. Қосымша 2 млн шаршы метр аумақ қажет. «Халық файнанс» сарапшыларының есебі бұл. Қазір мемлекет қойма нысандарын салып, барын жаңғыртуға ден қойып жатыр. Логистикалық орталықтар да бой көтереді. Бұл бағыт ел экономикасы үшін маңызды. Жаңа жұмыс орындарын ашу, тың салаларды дамытуға мүмкіндік береді.
Азамат Кескінбаев, «Қазпошта» ҰК Жобалық кеңсе директоры:
- Біз Алматыдағы ең басты сұрыптау орталығының мүмкіндігін арттырдық. Жақында ғана қосымша автоматтандырылған сұрыптау аппараты іске қосылды. Оның қуаты бірнеше есе көп. Бізге қазір қоймаларды арттырудың қажеті жоқ. Айналымды жеделдету маңызды. Жөнелтілімді мүмкіндігінше тез сұрыптап жіберу қажет.
Онлайн сауда: тауарға қатысты пікірлер шындыққа жанаса бермейді
Қазақстандықтар онлайн платформалардан сатып алған тауарын қайтаруды жиілетті. Арнайы сауалнамаға қатысқан азаматтардың 35%-і мұндай экспресс қызметтің тиімділігін алға тартқан. Сондай-ақ тауардың жеткізілу кезеңін дәл уақытында бақылап отыру мүмкіндігін оң бағалады. Сауалнамаға қатысушылар тапсырысты бір күнде жеткізу қызметін де жиі пайдаланады. Жалпы бұл бағыттағы цифрландырудың жетістіктері айтарлықтай. Нарықта сауда қызып, мүмкіндіктер молайғанымен, тұтынушылардың көңілін күпті ететін жайттар да жетерлік. Мәселен сайттар мен маркетплейстердегі тауар туралы ақпарат әлі де аз. Көпшілік «әсіресе қымбат өнімді аларда қиналамыз», - дейді. Ал өзге тұтынушылардың пікірлері шындыққа жанаса бермейді екен. Қымбат өнім демекші, азаматтарды кепілдіктің жоқтығы да алаңдатады.