«Ауыл аманатына» қаралған қаржы БҚО тұрғындарына жетпей жатыр

Өз ісімді өркендетіп, кәсібімді ашсам деген ауылдағы ағайынға «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегі мол. Былтыр Батыс Қазақстан облысында 6,5 миллиард теңгенің жеңілдетілген несиесі беріліп, мыңнан астам жұмыс орны ашылған еді. Биыл да өңірге 6,3 миллиард теңге бөлінді. Алайда қаралған қаржы толық көлемде тұрғындарға жетпей отыр.

Кәсіп түбі нәсіп. Өз ісімді өркендетіп, табыс көзін молайтсам дейтін азаматтар ауылда аз емес. Алайда олардың көпшілігі келте жіпті күрмеуге келтіре алмайды. Міне, сондай азаматтарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы  тамаша мүмкіндік сыйлады. Сырым ауданы Көгеріс ауылындағы мына қаз фермасы – сөзіміздің айғағы. 

37 жастағы Мереке Меңжанов бағдарлама бойынша 13 миллион теңге несие алыпты. Ол қаржыға Башқұртстаннан 5 мың балапанды жеткізіпті. Жаз бойы қаңқылдаған қанаттыларды күндіз жайып, түнде қамап бағыпты. Уақытылы дәрумендерін, екпелерін салып, барынша өлтірмей өсіріпті. Қарашадан бері шетінен сойып, келісін 3 мыңнан сауда сөрелеріне шығара бастаған. Қазір 5 мың бастан 800-і қалыпты. «Қой баққаннан қаз баққан тиімді», – дейді кәсіпкер. Өйткені сұраныс зор.

Мереке Меңжанов, кәсіпкер:

- Қаз етіне сұраныс бар қазіргі таңда. Өнімді базарларға, дүкендерге өткізіп жатырмыз. Алдағы уақытта супермаркеттерге кіргіземіз деп келісім жасап жатырмыз. Ол үшін сертификат алуға құжат жібердік. Қаздың мамығы киім тігуге, тігін саласында үлкен сұранысқа ие. Әсіресе көпшік-көрпе өндірісінде. Биыл мамықты Қостанайдағы фирма сатып аламыз деп келісім шартқа отырдық. Қаздың аяғына дейін сұранысқа ие. Қытайлықтар вакуумдасаң, сыртын тазаласаң, контейнермен алып кетеміз деп отыр.

Ал Тоғанас ауылының тұрғыны Батырбек Хатият 6 млн теңге жеңілдетілген несиеге бөдене өсіруді бастапты. Тарғыл жұмыртқаларды дүкендерге шығарса, етін тапсырыспен жеткізеді екен. «Бөдененің емдік пайдасы мол», – дейді жас кәсіпкер.    

Батырбек Хатият, кәсіпкер:

- Калориясы тауық жұмыртқасының 2-3-не тең. Көптеген дәрумендерге бай. Асқазан, простатит дейміз ғой, соларға таптырмас ем ретінде қабылданады. Иммунитетті көтеруге тұмау кезінде. Қазір қыс мезгілі тұмау көп қой. Тұмау кезінде шикілей ішсе, көп пайдасы тиеді.

Биыл Сырым ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен осылайша несие алып, өз кәсібін ашқысы келетін 57 тұрғынның жобасы мақұлданған. Алайда тек 3 жобаның ғана жолы болған. «Қалғанына қаржы жоқ», – дейді аудан басшылығы.

Қайрат Төлепов, Сырым ауданы әкімінің орынбасары:

- Қалған жобалар құжаттарының бәрін тапсырып қойдық. Күтіп отырмыз. Қаржы берілгесін тиісті жұмыстарын жалғастырамыз. Қаржы түскен жағдайда да салатын бау-бақша болсын, өндіріс көлемін ашуға жабдықтар алу болсын, сатып алуға байланысты келесі жылға қалармыз.

«Ауыл аманаты» бағдарламасына жауапты «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы болса, биыл несиелеуге 7,9 млрд теңге бөлу жоспарланғанын, кейін ол сома 6,3 млрд теңгеге түскенін айтады. Оның өзінде тек тамызда берілген 1 млрд теңге игеріліпті. Ал жуырда желтоқсанның басында келген 1,5 млрд теңге әлі ауылдағы ағайынға жетпеген.

Қазбек Ұзықанов, «Ақжайық» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Биыл 175 жоба 1,5 млрд теңгеге қаржыландырылды. Оның 1 млрд-ы жоғарыдан келсе, 500 млн-ын револьверлік тәсілмен, былтырғы несиелердің қайтарылған сомасынан тауып бөлдік. Соңғы транш желтоқсанның басында 1,5 млрд теңге келді. Ол қаржыны 2025-тің алғашқы тоқсанында игереміз. Бөлінген қаржының қысқаруы биылғы су тасқынынан туындаған қаржы тапшылығына байланысты болып отыр.

Мамандар келер жылы аталған бағдарламаға қаржы уақытылы бөлінетінін айтады. Ал жалпы соңғы екі жылда «Ауыл аманатының»  арқасында өңірде мың жарымдай жаңа жұмыс орны құрылған.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Е. Аюпов.