Қазақстан мен Германия арасындағы сауда айналымы €8 млрд жетті

Қазақстан мен Германия арасындағы сауда айналымы 8 млрд еуроға жетті. Биылғы қаңтар-қазан айларындағы көрсеткіштерді саралаған Германияның Федералды статистика ведомствосы осылай деп мәлімдеді. Ынтымақтастықтың табысты бола түсуіне қос ел басшыларының соңғы екі жылдағы өзара ресми сапарлары да зор үлес қосып отыр. Қарыштап дамып келе жатқан байланыс 2024 жылы қалай өрбіді? Оның болашағы қандай болмақ?

1991 жылдың 31 желтоқсаны Германия Қазақстанның егемендігін мойындаған күн. Содан бері, міне, тура 33 жыл өтіп, екі елдің қарым-қатынасы тарих толқынында жыл сайын жаңа деңгейге шығып келеді. 2024 жыл қос ел үшін прагматикалық қадамнан басталды. Немістің WIS Kunststoffe компаниясы Атырау облысында пластмасса зауытын салатын болып келісімге келді. Осылайша Президент айтқан «аса маңызды шикізатты инвестиция мен технологияға айырбастау» формуласының кезекті мысалы жүзеге асты.

Герлинд Хекман, Германия Экономика және климатты қорғау федералды министрлігінің бөлім басшысы:

- 2024 жыл екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынас пен мол мүмкіндіктердің пайда болуымен есте қалды. Германия Канцлерінің Астанаға сапары аясында қабылданған келісімшарттар, Орталық Азия басшыларымен болған саммит және энергетика мен климат саласындағы ынтымақтастықтан келер жылда да зор үміт күтемін.

Канцлер Олаф Шольцтың Қазақстанға ресми сапары шынымен де есте қаларлық болды. Себебі сол кезде жалпы сомасы 6 млрд. АҚШ долларынан асатын 41 құжатқа қол қойылды.

Манфред Грунд, Германия Бундестагінің депутаты:

- Қазақстанмен қарым-қатынасымыз – үлгі тұтарлық халықаралық байланыстардың бірі. Әлемде Германияның дәл осылай достық рәуіште араласатын елдері кемде-кем. Қазақстаннан көшіп келген миллионға жуық азамат Германияда тұрады. Олардың тегі неміс болғанымен, жүрегі Қазақстанда. Сондай-ақ Қазақстан біз үшін стратегиялық әріптес болып келеді. Сондықтан кез келген салада қолымыздан келгенше көмектесуге дайын болуымыз керек.

Қазақстан азаматы ретінде мені таңғалдырғаны шалғайдағы Германия біздің елдегі су мәселелерін шешуге қол ұшын бергісі келеді. Берлинде бір емес, бірнеше рет Қазақстандағы су тасқынының алдын алу, оны болжау, су ресурстарын дұрыс басқару бойынша жиындар өтіп, ғалымдар, құтқарушылар мен Бундестаг депутаттары бар білгенін ортаға салды. Себебі судан келетін тілсіз жау неміс жұртшылығын да әбігерге салып, біраз реформаларға арқау болған.

Бұдан бөлек, Германияның федералды аймақтары да «автономды» түрде Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыруды көздеп отыр. Биыл Тюрингия, Бавария, Саксония жерлерінің өкілдері тың мүмкіндіктерді қарастыра бастады. Себебі қолайлы инвестициялық климат жасалған Қазақстанға неміс кәсіпкерлері зор қызығушылық танытып отыр.

Бұған Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзер бастап барған бизнес делегацияның ауқымы дәлел. Қазір жұмысты оңтайландыру үшін арнайы шаралар қабылданып жатыр.

Штефан Шмидт, Euler Hermes Aktiengesellschaft компаниясының бөлім жетекшісі:

- Екі ел арасындағы кәсіпкерлерге кез болған қиындықтарды анықтап, оларды шешу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ неміс кәсіпкерлерінің өндіріс орындары мен өнімдеріне қолайлы әріптес пен орын таңдауда көмек көрсетіліп жатыр. Соның арқасында екі ел кәсіпкерлері арасындағы байланыс қазір нығайып келеді.

Lanxess-тің химиялық өнімдері, Flight design-ның жеңіл ұшақтары, калий тұздары, бор қышқылы, Condor сепкіштері, Svevind Energy компаниясының «Жасыл сутегі» жобасы секілді бірлескен өндіріс орындары дәл осы 2024 жылы қарқын алды. Бұдан бөлек, жылына 10 миллион тоннаға дейін жүк жеткізуге қауқарлы Транскаспий дәлізінің әлеуеті де осы жылы Германияда жиі талқыланатын тақырыптардың бірі болды. 

Майкл Хармс, Германия экономикасының Шығыс комитетінің атқарушы директоры:

- Меніңше, Германия Қазақстанның жүк тасымалындағы әлеуетіне көбірек назар аудару керек. Транскаспий дәлізінің маңызы күн санап артып келеді. Сонымен қатар жасыл энергетика мен индустриялық бағыттағы инвестициялардың алғышарттары қабылданды. Енді алдағы уақытта қағаз бетінен іс жүзіне көшуіміз керек.

Сондай-ақ Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын атап өту аясында ғылым мен өнеркәсіп саласын дамытудың тың жолдары талқыланды. Дюссельдорфта Димаш концерт берді. Штутгартта теннисші Елена Рыбакина WTA 500 турнирін жеңіп, Porsche мініп қайтты. Алдаркөсе немісше сөйледі. Оскарға ұсынылған Асхат Кучинчерековтің «Бауырына салу» фильмі көрерменге жол тартты және «Сазген сазы» оркестрі мен Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Франкфурт пен Берлинде төл өнерімізді паш етті. Осылайша екі елдің мәдени байланыстары да беки түсті. Бұл 33 жылдық достықтың кезекті бір мазмұнды бөлімі.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан.