Қазақстандықтар табысының 25%-ін етке жұмсайды

Қазақ жаңажылдық дастарханға алдымен ет қояды. Себебі ет – сыйлы қонаққа ұсынылатын басты тағам. Мереке ғана емес, күнделікті астың өзін етсіз елестету қиын. Өткен тоқсанда елде әр адам орташа есеппен 21 келі ет жеген.  

Қазақстандықтар азық-түлікке жоспарлаған қаржысының 25 пайызына ет алады. Жылдың үшінші тоқсанында әр адам құнарлы өнім үшін 45 мың теңгесін сарп еткен. Былтыр бұл сома 42 мың теңгеден сәл асыпты. Нарықта сиырдың төс еті 4 700 теңге шамасында. Өнім келісі өткен жылы 2,5 мың теңгеден сатылған. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек ет және ет өнімдерін жиі тұтынатындар Жамбыл өңірінде тұрады. Мұндағы отбасылардың әр мүшесіне шамамен 8 келі ет сатып алынған. Ең аз көрсеткіш Шымкентте тіркеліпті.

Бір айдағы тұтыну көрсеткіші 5 келі төңірегінде. Ал балық өнімдерін жақсы көретіндердің дені теріскейде тұрады. Мұндағы әр азамат айына 2 келі балық жейді екен.

Балық шаруашылығына қолдау қажет

Балық демекші, елдегі балық шаруашылығының даму қарқыны бәсең. Құзырлы министр Айдарбек Сапаров осыған алаңдайды. Кейінгі 5 жылда отандық балық өндіру ісіне 2 трлн теңгеден аса субсидия берілді. Оның ішінде жемді субсидиялау, дәрілік препараттарды сатып алу, балық өсіру шаруашылықтарын құру, жабдықтар мен техниканы сатып алу кезіндегі инвестициялық шығындардың 25%-н өтеу сынды қолдау қарастырылған. Таяуда мәжіліс «Аквамәдениет туралы» заң жобасын мақұлдады. Ол да мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуге мүмкіндік береді. Ең алдымен ірі инвесторлар үшін балық өсіруге арналған су айдындарын ұсынуға бағытталған. Айтпақшы, елде жылына 31 мың тоннаға дейін балық өсіретін 71 жоба жүзеге асады. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров алдағы 3 жылда шаруашылықтардың 25 пайызға көбейетінін хабарлады. Ал өндіріс 20 мың тоннадан 50 мың тоннаға дейін артады.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Балық шаруашылығының дамуы жалпы агроөнеркәсіп кешенінің дамуына әсер етеді. Балық шаруашылығы комитетінің министрліктің құзырына өткеніне бір жыл болды. Жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ біз ерекше өзгерістерді көрмейміз. Балық өнеркәсібін дамыту бойынша нәтижелер қойылған мақсаттарға жету үшін жеткіліксіз. Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, барлық салада белсенділік таныту қажет.

Мал өсірсең, қой өсір...

Мамандар қой еті экспортын арттыратын уақыт жетті дейді. Ауыл партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбековтың есебінше мұндай тасымалдан жылына 2 млрд доллар табыс табуға болады. Биылғы 10 айда еліміз сыртқы нарыққа жаңа піскен және салқындатылған қой етінің 13 мың тоннасын шығарып, 45 млн доллар кіріс көрген. Бұл былтырғыдан 64%-ке көп. Төлеутай Рахымбековтың сөзіне сүйенсек, қой санын көбейтудің қиындығы жоқ, тіпті жайылым болса, жем-шөп жинауды да талап етпейді. Есесіне ет құнын төмендетіп, оны экспортта бәсекеге қабілетті етуге болады. Сарапшы «бордақылау алаңында импорттық малды емес, жеке шаруа қожалықтары мен шағын фермерлердің түлігін шоғырландыру қажет», - дейді. Қолдан ұрықтандыру, азықтандыру рационын сақтау және ветеринариялық қамтамасыз етуді жақсарту да малдың сапасын арттырады. Төлеутай Рахымбеков қой шаруашылығында отарлы бағытты естен шығармауға кеңес береді. Сол себепті жайылымға жер бөлу және оны толықтай мемлекет есебінен суландыру мәселесін шешуді ұсынды.

Төлеутай Рахымбеков, «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары:

- Қазақстанда жайылымдар жетіспейтін сияқты. Бірақ елде жер қорларына жатқызылған 100 млн гектарға жуық пайдаланылмаған жайылымдар бар! Бұл әлі шек емес! Шын мәнінде пайдаланылмаған жайылымдар 1,5 есе көп болуы мүмкін. Бұл жерлерді қай бағытта қолдануға болады? Қой шаруашылығы жақсы, дәлірек айтқанда қозы етінің өндірісі. Қой шаруашылығы – жергілікті тұрғындар үшін дәстүрлі мал шаруашылығы түрі, ал Қытай мен Араб елдерінің қозы етіне деген сұранысы 300% табыстылық береді.