Қ.Тоқаев: Үкімет экономиканы барынша дамыту үшін тың тәсілдер табуға тиіс

Елде Үкіметтің жаңа құрамы жасақталғанына 11 ай болды. Министрлер кабинетінің жұмысына Мемлекет басшысының көңілі тола ма? Президент бұл сұраққа да жауап қатты, деп хабарлайды 24kz.

Айтуынша, Үкіметтің міндеті – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Жалпы алғанда Министрлер кабинеті бұл міндетін орындап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев жуық арада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтетінін жеткізді. «Сондай-ақ бізге экономиканың 4%-тік өсімі аздық ететіні анық», - деді. Үкімет экономиканы барынша дамыту үшін тың тәсілдер табуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен министрлерден неғұрлым тиімді жұмыс істеуді және шешім қабылдағанда батыл болуды үнемі талап етемін. Қоғам да Үкіметтің жұмысына жоғары талап қояды. Бұл – өте орынды әрі қалыпты жағдай. Сондықтан Үкіметтің жұмысы нақты нәтижеге орай әділ бағаланады. Басты көрсеткіш – азаматтардың тұрмыс сапасы. Экономикадағы жетістіктер адамдардың күнделікті өміріне оң әсерін тигізбесе, оны әншейін сөз жүзіндегі жетістік деуге болады.