Көпшілік зейнетақы жинағын кәдеге жаратты

Былтыр тұрғын үй жағдайы мен денсаулығын жақсарту үшін зейнетақы жинағын пайдаланғандардың үлесі екі есе артқан.

Арнайы шотқа 565 млрд теңге аударылды. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін қолдануға ниет білдіргендер әсіресе жылдың екінші жартысында белсенді бола түскен.

Өткен жылдың соңында зейнетақы жинағының көмегімен тұрғын үй жағдайын жақсартқандар көбейді. Арнайы шотқа 69,5 млрд теңге түскен. Бұл қарашадағы көрсеткіштен 50%-ға артық. Өтінімдерді мақұлдау 58%-ға артып, 90 мыңға жуықтаған. Бөлінген сома негізінен тұрғын үй жинағын толықтыруға жұмсалды. Тек 7 пайызы баспана сатып алу кезінде есеп айырысуға қолданылған. Денсаулығын түзеуге ниет білдіргендердің де қарасы қалың. Бас-аяғы 36 мың өтінім иелерінің арнайы шотына 33 млрд теңге түсті. Оның басым бөлігі стоматологиялық қызмет ақысын өтеуге жұмсалған. Еске салайық, биыл зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алу шегі өзгерген жоқ.

Таза инвестициялық кіріс ₸2,78 трлн жетті

Сондай-ақ елде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша таза инвестициялық кіріс 14 млрд теңгеден асты. Сөйтіп жинақ көлемі 204 млрд теңге болған. Жарнаның бұл түрі былтыр ғана енгізілген еді. Жалпы өткен жылдың 11 айында қазақстандықтардың таза инвестициялық кірісі 2 трлн 78 млрд теңгеге жетті. Бұл алдыңғы сәйкес кезеңнен 123 пайызға артық.

Жалақысын конвертпен алатындар көп

Өкінішке қарай, әлеуметтік кепілдерді, еңбек құқығының қорғалуын, тіпті келешекте зейнетақымен қамсыздануды құнттамайтын азаматтар бар. Еліміздегі әрбір үшінші жұмысшы ресми тіркеусіз еңбек етіп жүр. Басым бөлігі – ер азаматтар. Adam Research сарапшылары жалдамалы жұмысшылардың келісімшарт жасауға асықпайтынын айтты. Олардың үлесі – 6 пайыз. Сондай-ақ мемлекеттен Кірісін жасырып отырған кәсіп иелері де бар. Ал сауалнамаға қатысқандардың 16 пайызы жалақысын конвертпен алатынын мойындады. Ресми тіркеусіз жұмыс істеп жатқандардың көбі – жастар немесе зейнеткерлер. Дені Түркістан, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында тұрады. Зерттеушілердің байқауынша, көлеңкелі кәсіпті дөңгелетіп отырғандар батыс аймақтарда шоғырланған. Ал ресми дерекке сүйенсек, елде 9 млн адам экономиканың әр саласында еңбек етеді.

Спабек Садықов, ҚР ЕХӘҚМ халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:

-Оның ішіндегі 7 млн астамы жалдамалы жұмыскерлер де, 2,2 млн өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып табылады. Үшінші тоқсаны бойынша осы жылдың жұмыссыздық деңгейі 4,6% құрайды немесе 450 мыңға жуық адам.

2030 жылға қарай 2 млн маманға сұраныс туындайды

Осы ретте айта кетейін, алдағы 5 жылда 2 млн маманға тапшылық туындайды. Бұл туралы еңбек ресурстарын дамыту орталығы хабарлады. Арнайы зерттеу нәтижесі жұмыс істеп жүрген жастардың 20%-ы басқа салаларда қызмет ететінін көрсетті. Қазір ауыл шаруашылығы, білім беру, құрылыс, денсаулық сақтау, т.б. салаларды қоса алғанда үш жүз мың адам жетіспейді. Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен жұмысшы мамандықтар жылы жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бәсекеге қабілетті экономика түзу үшін де жұмысшы және басқа да түрлі саладағы мамандардың әлеуетін арттыруды тапсырды.

Дмитрий Шумеков, еңбек ресурстарын дамыту орталығының департамент директоры:

-Әсіресе жоғары білімді қажет етпейтін салаларда маман тапшылығы қатты байқалады. Тәжірибелі сатушы, күзетшілер аз. Қазіргі таңда тәрбиешілерді, сондай-ақ білім беру салаларында бөлімдерді басқаратын адамдарды іздейміз. Электр монтёрлары, дәнекерлеушілер жетіспейді. Сонымен қатар мұғалімдер, заңгерлер, жаттықтырушылар, есепшілер мен тігіншілерге сұраныс түсіп жатыр.

Маман тапшылығы бар, дегенмен жұмыс іздеп сабылып жүргендердің де қарасы қалың. Қазір Еңбек кз порталында 235 мың азаматтың түйіндемесі тұр. Елдегі НИТ санатындағы жастардың үлесі 6 пайыздан асады.