Елімізде зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері индексацияланды
Биылдан бастап елде айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі күнкөріс деңгейі өсті.
Сәйкесінше бұл әлеуметтік төлем көлеміне әсер етпек. Мәселен, ең төменгі базалық зейнетақы 32 360 теңге, ең жоғарғы базалық зейнетақы 50 851 теңгені құрайды. Бірінші қаңтардан бастап жасы бойынша берілетін зейнетақы 8,5 пайызға артты. Жалпы елде 4 жарым миллионнан аса адам әлеуметтік көмек алады. Соның 2 млн 400 мыңы - зейнеткер. Ал жәрдемақы алушылар саны 2 млн 100 адамға жетті. Айта кету керек, осы жылы баланың тууына байланысты бір жолғы және бала бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтіміне, көп балалы отбасыларға, наградталған аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақылар индексация нәтижесінде 6,5% артты. Осылайша биыл 1, 2, 3-бала туған кезінде төленетін біржолғы жәрдемақы 149 мың теңге шамасында, 4 және одан көп бала туғанда 63 айлық есептік көрсеткіш немесе 247 мың теңге құрайтын болады.
Гүлбақыт Манабаева, ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің бас сарапшысы:
- Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу бойынша, мүгедек баланы күтіп отырған ата-аналарға және 1 топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасап отырған адамдарға төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерлері ең төмсенгі күнкөріс деңгейінің артуына байланысты,яғни 6,5% жоғарлады. Мысалы, жалпы ауру бойынша 1-топ мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері былтыр 95 496тг болса, биыл жаңа жылдан бастап 101 702тг шамасында алатын болады.