Қарағанды облысында былтыр 13 инвестициялық жоба жүзеге асты
Қарағандыдағы арнайы экономикалық аймақта салынып жатқан ферроқорытпа зауытының бірінші құрылыс кезеңі биыл аяқталады, деп хабарлайды 24kz.
Бұл – тау-кен, металлургия саласын дамыту бойынша жоспарланған бірегей жоба. Өткен жылы өңірде 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның үшеуі осы тау-кен, металлургия саласына тиесілі.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Өткен жылы Қарағанды облысына 1,4 трлн теңге инвестиция құйылған. Бүл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 60%-ке жоғары. Сауда-саттық, құрылыс индустриясы, машина жасау және өзге де салаларда барлығы 13 жоба жүзеге асқан. Соның арқасында 2000 адамға жұмыс орыны ашылды. Іске қосылған жаңа зауыттардың үшеуі тау-кен, металлургия саласына жатады. Өткен жылы бұл бағыттағы кәсіпорындар 500 млрд теңгенің өнімін өндірген.
Әлібек Молдакәрімов, Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Тау-кен, металлургия саласындағы инвестициялық жобалардың бірінші кезекте экспортқа өнім шығару қабілеттілігіне мән береміз. Шойын, болат, мыс, өзге де өнімдер біздің экспорттың басым денін құрайды. Өткен жылы тау-кен, металлургия бойынша өнім түрлерін шығару 11-ден 21%-ке дейін артқан.
Жаңа инвестициялық жобалардың бірі – ферроқорытпа зауыты. Кәсіпорын арнайы экономикалық аймақта салынып жатыр. Ферроқорытпа болат өндірісіне қолданылатын шикізат. Бұл компонентті қосу арқылы металлдың беріктігі арттырылады. Кәсіпорын құрылысының бірінші кезеңі биыл аяқталады. Ал толық салынып біткен кезде мүнда 720 адам жұмыспен қамтылады. Зауыт жылына 600 мың тонна өнім шығарады.
Асқар Чекимбаев, кәсіпорынның бас технологы:
- Бұл болат өңдегенде жаңағы ферросилиций, тағы да басқа ферросплавтар қоспа болып келеді. Екінші жоба бойынша тағы 4 пеш салынады. Үкіметтің тапсырысы бойынша кремний кластері осы жерде салынуға тиісті. Соған орай мына шыққан металлургиялық кремнийдің жартысы поликремнийға салынады. Поликристалический кремний күн панельдеріне, IT технология бөлшектеріне қолданылады.
Жалпы биыл өңірде тағы 10 инвестициялық жоба жүзеге асады. Қазір жергілікті билік жаңа кәсіпорындар салуға ниетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы , Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков