Алматыда дизельді автобустарға тыйым салынды
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сүйенсек, елдегі 15 қаладағы ауаның ластану деңгейі жоғары.
Бұл тізімде Алматы және Қарағанды қалалары көш бастап тұр.
Үкімет ауаны тазарту үшін “жасыл энергетиканы” дамытуға күш салып отыр. Жалпы қандай жұмыс жүріп жатыр?
Елдегі 45 қаланың ішінде 8 шаһардағы ауаның сапасы өте төмен. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінде хабарлады. Олардың қатарында үш мегаполис - Алматы, Астана мен Шымкент бар. Сонымен қатар Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе мен Өскемен де осы тізімнен ойып тұрып орын алды. Бұлардың барлығы өндірісті қалалар екені белгілі. Ауаның ластануына жылу электр орталықтары мен кәсіпорындар әсер етеді. Дегенмен автокөліктердің де үлесі жоғары. Мәселен, Алматыда түтіннің 60 пайызы көліктерге тиесілі. Ал 27 пайызын өнеркәсіп шығарады. Көліктердің зиянын азайту мақсатында дизельмен жүретін автобустарды сатып алуға тыйым салынды. Енді жылу қазандықтары да газға көшірілмек.
Бүгінде мегаполисте ауаға тарайтын түтін көлемі 225 мың тоннадан асып отыр. Қазір жылу-электр орталығын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде, ауаға тарайтын зиянды заттар көлемі 93 пайызға, яғни 37,3 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін төмендейді. 2026 жылы жылу көзін көмірден газға ауыстыру жоспары бар. Сондай-ақ жеке тұрғын үй секторын газбен қамтуға ерекше назар аударылуда. Бүгінгі таңда үйлердің 99,4 пайызына тиісті инфрақұрылым тартылды. – Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі
Шығыс Қазақстан облысында 5 ГЭС салынады
Шығыс Қазақстан облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту көңіл бөлініп отыр. Соның арқасында кейінгі жылдары Өскеменде ауаға тарайтын қалдық көлемі 9,5 пайызға кеміді. Алайда облыстағы негізгі қуат көздері көмірге тәуелді. Аймақта энергия өндіретін 8 кәсіпорын бар. Олардың қуаты – 1,6 гигаватт. Ал жаңартылатын қуат көздері энергияның 4 пайызын береді. Таяу жылдары көмірге тәуелділікті азайтатын жобалар іске қосылмақ. Яғни 2030 жылға дейін 5 су электр станциясы тұрғызылады. Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың айтуынша, бұған дейінгі жобалар жемісін беріп отыр. ЦИТАТА.
Ауаның ластану деңгейін төмендету мақсатында бірқатар жоба іске асырылды. Заманауи технологияларды енгізудің арқасында 25 жыл ішінде “Қазмырыш” ірі кәсіпорнының шығарындылары 4 еседен астам қысқарды. Бүгінгі таңда тау-кен металлургия кәсіпорны күкірт қышқылы зауытының қалдық газдарын толық тазарту қондырғысы құрылысын бастады. Бұл атмосфераға бөлінетін күкірт диоксиді көлемін 1600 тоннаға азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірдегі бірнеше өндіріс ошағы эмиссия мониторингінің автоматтандырылған жүйелерімен жабдықталған.
Түтін көлемі 300 мың тоннаға кемиді
Автоматтандырылған мониторинг жүйесі – зиянды қалдықтар көлемін бақылауда тиімді тәсіл. Қазір елдегі зауыт-фабрикаларда қарқынмен енгізіліп жатыр. Соның арқасында 2035 жылға қарай зиянды қалдық көлемі кемі 300 мың тоннаға азаймақ.