БАӘ – Қазақстанның ірі инвестициялық серіктесі

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы өзара тауар айналымының көлемін 1 млрд долларға дейін жеткізу керек. 2023 жылы екі елдің көшбасшылары осындай міндет қойған.

Бүгінде Қазақстан ауыл шаруашылығы, машина жасау және, жеңіл өнеркәсіп салалары өнімдерін Біріккен Араб Әмірліктері нарығына жеткізу көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Ал Араб Әмірліктері, Қазақстанға инвестиция салып, әріптестік орнатуға дайын. Өйткені Қазақстан арабтар үшін Орталық Азия аймағындағы сенімді стратегиялық серіктес.

Досжан Ысқақ, тілші:

- БАӘ мен Қазақстан арасындағы инвестициялық қары-қатынастың тамырына қан жүгіргелі біраз болды. Бүгінде әмірліктер мен Қазақстанның ортақ инвестициялық портфельінде 7,7 млрд долларды құрайтын қырыққа жуық бірлескен жоба бар. Араб инвесторлары біздегі логистикаға, ауыл шаруашылығы мен туризм, IT салаларына қаржы құюға ынталы.

2023 жылы Қазақстанға әмірліктерден 900 млн доллардан аса инвестиция құйылыпты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ал былтыр 9 айдың қорытындысында 400 млн доллар қаржы Қазақстандағы бірегей жобаларға салынған.

Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестиция комитетінің төрағасы:

-  Біздің Қорғас құрғақ портымызда ірі логистикалық хаб салды. Каспий теңізіндегі біздің логистикалық мүмкіндіктерімізді арттыруда Араб Әмірліктері жақсы инвестиция салып жатыр. Оның ішінде жаңадан ірі кемелерді сатып алуға, оларды жасауға көбірек көңіл бөлініп жатыр.

Қазақстанның табиғи ресурсы мен инфрақұрылымдық әлеуеті мол, ал Араб Әмірліктері транспорт, логистика, энергетика, инновация сияқты салаларда бірегей технология мен тәжірибеге ие. Мұндай тиімді әріптестік араб инвесторлары үшін де, Қазақстан тарапына да тартымды болып отыр.

Досжан Ысқақ, тілші:

- Өткен ғасырдың ортасына дейін арабтардың көпшілігі інжу тастарды алып-сатумен, түйе шаруашылығымен айналысып күнелткен. Әмірліктердің байырғы тұрғындары бәдәуилердің тұрмыс кешкен шахарлары осындай болса керек. Ал 1950 жылдары араб жерінен мұнай табылып, айналасы 20 жылдың ішінде Біріккен Араб Әмірліктері әлемдегі экономикасы қарыштап дамыған бай елдердің біріне айналды.

 

Туризм саласында да әріптестік орнайды

Біріккен Араб Әмірліктері ірі мұнай экспорттаушы мемлекет болса да, экономикасын әртараптандыруға ерекше көңіл бөледі. Соның бірі – туризм саласы. Мәселен бір ғана Дубайдың өзіне жылына 20 млн-ға жуық турист келеді екен. Қазақстан енді туризмді түлетуде де арабтармен тәжірибе алмасады.

Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестиция комитетінің төрағасы:

- Туризм индустриясына бізде Араб Әмірліктері жақсы қаражат әкеліп жатыр. Соның бірі Астана қаласындағы ірі туристік ауданды салуды бастап жатыр. Араб Әмірліктерінің 5 ірі ұлттық инвестициялық қорлары бар. Ол қорлар жалпы инвестициядағы үлесі 1,5 трлн доллардан асатын жобаларды басқарып жатыр. Осы қорлардың Қазақстанға үлкен соммаларды алып келуге перспективалары өте жоғары.

 

Masdar Қазақстанда жел электр станциясын салады

2006 жылы БАӘ Masdar деп аталатын мемлекеттік энергетикалық компания құрған. Мақсаттары – энергия өндіруде қоршаған ортаға зиянсыз тәсілдерді пайдалану. Компания  2030 жылға қарай жаңартылатын энергия өндіруді 100 ГВт-қа жеткізуге ұмтылада. Қазір әлемнің 40 елінде жобалары бар. Сол Masdar біздің елде де сарқылмайтын энергия көздерінен қуат алуға бағытталған ірі жобаны жүзеге асыруға білек сыбана кіріскелі отыр. Жамбыл облысындағы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы Қазақстан мен әмірліктердің жаңартылатын энергия көздері саласындағы әріптестігінің өзегі болмақ.

Марям Рашед аль Мазруи, Masdar компаниясы Бизнесті дамыту және инвестициялар бөлімінің басшысы:

- Біз былтыр Қазақстан тарапымен соңғы келісімдерге қол қойдық. Бұл – Қазақстанды ірі экологиялық таза энергия өндіруші ретінде танытатын маңызды инвестициялық жоба. 2026 жылдың I тоқсанында құрылысы басталатын жел электр станциясы шамамен 300 000 үйді энергиямен қамтамасыз етеді және жылына 2 млн тонна көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жоба ТМД-ғы ең ірі жел электр станцияларының бірі болады.

Мемлекет басшысы жылда шет елдерге жасайтын сапарларын осы Парсы шығанағынан бастайды. Қазақстан мен Әмірліктердің бір-бірінен алшақ жатса да, стратегиялық серіктеске айнала бастауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттер арасындағы әріптестікті дамытуға деген ұмтылысының нәтижесі болса керек. Бүгін кезекті рет Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахайянның шақыруымен «Абу Дабидің орнықты даму аптасы» саммитіне қатысуға арнайы келді. Сапар барысында Президент Абу-Даби саммитіне қатысудан бөлек бірқатар маңызды кездесулер өткізеді деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Досжан Ысқақ, Еділ Терекбаев, Жандос Битабаров, Ділмұрат Сейдаханов. ПТРК көмегімен