Жылу беру саласын тарифтеу қалай өзгереді?
Елімізде биылдан бастап қатаң біліктілік талаптарына сәйкес келетін энергия беруші ұйымдар ғана тұтынушыларды электр энергиясымен жабдықтауға құқылы.
Тиісті реформа нәтижесінде реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар өз қызметін тоқтатқан. Бұған қоса кей өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілері үшін тарифті орта есеппен 11,62%-ке төмендетуге мүмкіндік туды.
Сарапшылар: Елдегі коммуналдық тариф құны қолжетімді
Numbeo сарапшыларының зерттеуінше, елімізде ауданы 85 шаршы метр пәтер үшін коммуналдық қызметтердің орташа айлық құны 57 доллардан сәл асады. Яғни 27 мың теңге. Сарапшылар ТМД, тіпті Еуропаның жетекші елдеріне қарағанда біздегі көрсеткіштің бірнеше есе арзан екенін байқаған. Мәселен, Ресейдегі орташа баға 90 долларға жетсе, Арменияда 130 доллардан асады. Ұлыбритания мен Германияда 340 доллар шамасында. Мамандар біздегі коммуналдық қызмет құнының әлемдік стандарттармен салыстырғанда айтарлықтай төмен болуын мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағыттылығымен байланыстырады. Дегенмен жылу, су және электр энергетикасын ұсынатын компаниялар айтарлықтай шығынға батып отыр. Ал тариф бұрынғысынша төмен. Есесіне технологиялардың ескіруі, автоматтандырылған басқару жүйелерінің болмауы коммуналдық қызмет сапасына кері әсер етіп жатыр. «Оның үстіне шектен тыс тұтыну көрсеткіші де ресурстың азаюына ықпал етті», – дейді сарапшылар.
Бөлшек электрмен жабдықтау талабы өзгерді
Енді тұтынушыларды электр энергиясымен жабдықтау міндеті біліктілік талаптарына сәйкес келетін ұйымдарға ғана жүктеледі. Тиісті заң былтыр жазда қабылданды. Бүгінде Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитеті 21 аймақтық электр желілік компаниясына лицензия берді. Оның аясында бір компания үшін электр энергиясын беру және жеткізу функциясы біріктіріледі. Мамандар осылайша электр желісін басқаруды жақсартуға ниетті. Инфрақұрылым мен қызмет көрсету шығындары да азаяды. Ең бастысы нарыққа қатысушыларды лицензиялау және реттеу жосықсыз бәсекелестік тәуекелдерін төмендетеді. Былтыр энергиямен жабдықтаудың ашықтығы мен сенімділігін арттыру мақсатында реформа жүргізілгені белгілі. Сөйтіп, 12 облыста шағын және орта бизнес субъектілері үшін тарифті орта есеппен 4,39 теңгеге төмендетуге мүмкіндік туған.
Нұрлан Болатбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары:
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бөлшек электрмен жабдықтауды қатаң біліктілік талаптарына сәйкес келетін және осы қызмет түріне лицензия алған энергия беруші ұйымдар ғана жүзеге асырады. Электр энергиясын беру және жеткізу функцияларын бір компанияға біріктіру тиімділікті арттырады, бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етеді және бүкіл ел бойынша ашық және сенімді электр нарығын құру арқылы тұтынушылармен өзара әрекеттесуді жеңілдетеді.
Сумен жабдықтау саласында төрт деңгейлі тариф енгізіледі
Ал сумен жабдықтау саласында тұтыну лимитіне байланысты төрт деңгейлі тариф енгізіледі. Алғашқы топта айына 3 текше метрге дейін тұтынатындар үшін халыққа арналған тариф бекітіледі. Айына 3-тен 5 текше метрге дейін тұтынғандар үшін халыққа арналған тариф деңгейіне 20% қосылады, ал айына 5-тен 10 текше метрге дейін тұтынатындар үшін халыққа арналған тариф деңгейіне 50% қосылады, айына 10 текше метрден көп тұтынатындар немесе есептеу құралдары жоқ топқа, халыққа арналған тариф деңгейіне 100% қосылады.
Бұған дейін елдің он бір өңірінде жеке тұлғалар үшін ауызсуды тарифтеу қағидаттары қайта қаралғанын хабарладық. Яғни суды үнемді пайдаланбайтын тұтынушылар үшін тарифтер жоғарылайды. «Әлеуметтік тұтыну нормалары» енгізілген 6 өңірде ай сайын орта есеппен 1,65 млн текше метр суды үнемдеуге қол жеткізілген. Енді бұл шара Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалғасады.
Жылу беру саласын тарифтеу қалай өзгереді?
Жылыту жүйесіндегі тарифтер тұрғын үй алаңына ғана емес, жылуды нақты тұтынуға қарай есептеледі. Жоспарға сай биылдан бастап кезең-кезеңімен үйлерге термореттеу жүйелері енгізіледі. Осылайша азаматтарды үнемдеуге үндеу көзделеді. Жаңа есептеу ережесіне қарай 100 шаршы метрге дейін бекітілген тариф қолданылады, 100-ден 200 шаршы метрге дейін бұл тарифтен 10%-ке көп ақы алынады, 200 шаршы метрден көп тұтынғандарға орташа жіберу тарифі қолданылады. Ал халыққа жүктемені азайту мақсатында Үкiмет тарифтердiң өсуiнен зардап шегуi мүмкiн деген топтарға арналған түрлi әлеуметтiк бағдарламалар мен субсидиялар енгiзбек.