Астанада әлеуметтік бизнесті қолдау бағдарламасының қорытындысы шығарылды
Астанада іскер әйелдерге арналған "Jump-Start" әлеуметтік жобалар инкубаторының қорытындысы шықты.
Екі айға созылған оқыту курсына еліміздің түкпір-түкпірінен бизнес бастауға ниетті нәзік жандар қатысқан. Олар стратегиялық жоспарлау, қаржылық модельдерді әзірлеу мен кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерді. Мамандармен сұхбаттасып, сұрақтарына жауап алды. Жобаның соңғы күнінде қатысушылар іскерлік жоспарын таныстырды. Мемлекеттік органдар мен қаржы қорларының өкілдері бизнес жоспарларына баға берді. Айта кетсек, "Jump Start" әлеуметтік инкубатор алдағы наурыз айында да жалғасын табады.
Әлия Сәбитова, "Jump Start" әлеуметтік жобалар инкубаторы негізін қалаушы:
- Біздің мақсат - әйелдер арасында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту. Олардың елдің экономикалық және қоғамдық өміріге белсенді қатысуына ықпал ету. Бұл жерде қатысушылар тәжірибе алмасып қана қоймайды. Байланыс орнату үшін кәсіби мамандар мен серіктестермен танысады. Инвесторлар алдында өз жобаларын таныстыру мүмкіндігі қарастырылған.