Қайтарылған активтер ел игілігіне жаратылады

2022 жылдан бастап заңсыз сатып алынған активтердің 2 триллион теңгеден астамы мемлекетке қайтарылды.

Бұл туралы Президент «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында да айтты. Мемлекет басшысы бұл қаражат мектептерді, инфрақұрылымы  маңызды нысандар салуға және басқа да әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.

Мемлекет меншігіне қайтарылған активтер ел игілігіне жарап жатыр. Еліміздің бірқатар өңірінде оңалту орталықтары мен спорттық кешендер және мектептердің құрылысы басталды. Мәселен, Алматы облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа спорт кешені салынады. Бұған арнаулы мемлекеттік қордан миллиардтан астам теңге бөлінді. Спорт орталығында оқу-жаттығу сабақтары мен жарыстар өткізіледі. Жоба аясында бокс, күрес және басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған бірнеше зал қарастырылған. 

Айгүл Садырова, Жалағаш ауылдық округінің әкімі:

- Ауылымыз туристік бағытта дамитындығына байланысты бірқатар жұмыстар атқарылуда,соның ішінде осы кешеннің құрылысы салу мақсатында біраз жұмыс атқарылып жатыр. Оған 1,5 гектар жер бөлінді. Бұл жастарды тарту үшін тамаша мүмкіндік болмақ.

Елден заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару ісі жалғасып жатыр. Мәселен, қазір құқық қорғау органдарының да назарында. Былтыр заңсыз активтерді елге қайтару үшін Президент пәрменімен тиісті заң қабылданды. Содан бері саладағы жұмыстар біршама күшейтілді.

Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мына әділетті қазақстан деген қоғам мен халық күтіп отырған – заңсыз активтерді қайтару. Оның төңірегінде парламент қабылдаған заңда енді қалай іске асып жатыр дегенді қоғам сұрап отыр. қазірдің өзінде үлкен жұмыс жасалып отыр. қараңызшы міне бір жылдың ішінде 1 трлн ақша осы жылы қайтарылған. А былай ана жылды санасақ, 2 трлннан асып бара жатқан ақша. Оның бәрі қайда барады? Заңсыз активтерді, қайтарылған ақшаға әлеуметтік нысан, қоғам қолдайды ол нәрсені. Керек нәрсе ол.

Мемлекетке қайтарылған активтерді басқаратын арнайы компания бар.  Арнаулы мемлекеттік қорды толықтыру мақсатында активтерді сатуды жүзеге асырады. Ал өткізу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін басқарушы компанияның барлық активі «е-қазына» мемлекеттік мүлік порталында кезең-кезеңімен сатылады. Мемлекетке қайтарылған қаржының  220 млрд теңгесі арнайы мемлекеттік қорға түсті. 89,9 млрд теңгенің мүлкі қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияға берілді.

Қуанышбек Мұқаш, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС Бас директоры:

- Осы жақында болған аукциондар болды. Жер учаскелері бар, жылжымайтын мүлік бар. көбінесе жер учаскелері мен әкімшілік нысаналар. Айта кету керек, біздің бүкіл компаниямыздың тапқан қаражаты сату арқылы, басқару арқылы қаражаты мемлекеттік арнайы қорға аударылады. Ол қордан өздеріңіз білетіндей, халықтың әл ауқатын арттыру үшін және халыққа жұмыс жасайтын әлеуметтік нысандар салынатын болады. 

Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін Бас прокуратура басқа да жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Негізгі мақсат - мұндай активтерді Қазақстан тұрғындарының игілігі үшін заңды айналымға тарту. Құзырлы орган, активтерді қайтару процесін қатаң түрде заңға сәйкес және заңның өлшем шарттарына сәйкес келетін адамдарға ғана қатысты жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бүгін де Бас прокуратура елдегі 1 мыңнан аса және шетелдегі 150-ден аса мүлік туралы мәліметтерді талдап жатыр. Заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша жұмыстар әлі де жалғасады.

Айнұр Қуатқызы, Руслан Әлиев