«Халық» қоры жыл меценаты атанды
Тимур Құлыбаевтың «Халық» қайырымдылық қоры жыл меценаты атанды.
Мәртебелі марапат Астанада өткен "Халықтың сүйіктісі» байқауының салтанатты рәсімінде берілді. Байрақты бәсеке 10 аталым бойынша ұйымдастырылған. 2 айға созылған сайыста, әр саланың үздігі анықталды.
«Халықтың сүйіктісі» сыйлығы биыл 13-рет ұйымдастырылып отыр. Дәстүрлі байқауға азаматтардың қызығушылығы жоғары. Себебі, марапат төріне әр саланың серкесі шыға алады. Оған қоса жеңімпазды халықтың өзі таңдайды. 2 кезеңнен тұрған биылғы бәсекеде 10 номинант үздік атанды. Олардың қатарында Димаш Құдайберген, Елдос Сметов сынды танымал тұлғалар бар.
Ғалым Байтұқ, «Халықтың сүйіктісі» премиясының ұйымдастырушысы:
- Азаматтар электронды пошта арқылы дауыс берді. Біз сайыстың әділ өтуі үшін қауіпсіздікті барынша күшейттік. Нәтижесінде боттар қатыса алмады. Биыл сайтымызда дауыс бергендердің саны 350 мың адамға жетті. Бұл байқаудың ерекшелігі - кез келген адам қатыса алады. Егер халық лайық деп таныса, сөзсіз марапат төріне шығады.
Биылғы маусымда жаңадан екі аталым қосылып, халық үздік параспортшы мен ғалымды таңдады. Сондай-ақ қоғамдық істерге етене араласқан қорлар да таңдауға түсті.
Нәтижесінде «Халық» қайырымдылық қоры жылдың үздік меценаты атанды.
«Халық» қоры 2016 жылы құрылған. Содан бері қайырылымдылыққа 85 млрд теңгеден аса қаржы бөлді. Ал былтыр бұл мақсатқа 35 млрд теңге жұмсалды. Қор басшылығы негізінен алапат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек беруге күш салынғанын айтады.
Ғалымбек Жақсылықов, «Халық» қайырылымдылық қорының өкілі:
- Қазақстандықтардың шапағатына ие болған бұл жобада біз өзімізді үздік танытып, көшбасшылардың қатарынан көріну қор үшін үлкен мәртебе. Алдағы уақытта да еліміздің дамуына, ізгі қоғам құруға бағытталған жобаларды жүзеге асыра береміз деп ойлаймын.
Қордың биылғы мақсаты да ауқымды. Ауыл спортына мән беріліп, ірі турнирлер өткізу жоспарланып отыр. Қазір бұл жұмыс пысықталып жатыр.
Бекзат Аманов, Артур Горшняков