Ақтөбеде картоп бағасы қымбаттады
Елдің бірқатар өңірінде картоп бағасы шарықтап кетті.
Мәселен, Ақтөбедегі дүкендерде көкөністің келісі 400 теңгеге жеткен. Батыс Қазақстан облысында 350 теңгеден саудаланып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, сауда орындарында сапалы картоп табудың өзі мұң.
Ақтөбеде қартоптың келісі өткен аптада 200-250 теңге төңірегінде болған. Жеті күн ішінде 400 теңгеге дейін қымбаттаған. Ас атасымен қатар жүретін көкөніс бағасының күрт шарықтау себебін тұрғындар түсіне алар емес.
Виктор Азаркулиев, қала тұрғыны:
- Картоп тым қымбат. Бағасы не себепті мұнша өскені түсініксіз. Мен сияқты зейнеткерлерге қиын болды. Бұған дейін келісі 200 теңге еді. Қазір 400-ден асқан.
Валентина Картавенко, қала тұрғыны:
- 400 теңгеге сатып алсақ та іріктеп отыру керек. Шірігені көп. Таңдап алдым дегеннің өзінде ортасы бүлінгендеріне тап болып жатамыз.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылардың айтуынша, былтыр өңірде 3 мың га алқапқа картоп егіліп, шаруалар 45 мың тонна өнім алған. Ал облысқа қажет қыстық қор көлемі шамамен 96 мың тонна болуы тиіс. Сол себепті жетпегенін кәсіпкерлер Павлодар, Қарағанды, Қостанай облысы мен Ресейден тасымалдайтын. Бірақ жыл басынан көрші ел картоп экспортына тыйым салған.
Думан Дәулетияров, облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:
- Негізі Ресейден келіп тұратын картоптың арқасында қазір кішкене әсер біздің бағамызға келіп тұр. Бірақ ол жағын қазір біздер басқа региондармен сөйлесіп поставка бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. 20 проценттей біздің облысқа РФ келеді.
Сауда сөрелерінде коммерциялық картоптың көлемі күрт азайғандықтан орнын тұрақтандыру қорындағы тауармен толтыруға тура келді. Өңірдегі ірі дүкендер желілері мен коммуналдақ базарларда әлеуметтік картоптың келісі 116-119 теңгеден сатылып жатыр.
Ерлан Нұркеев, «Ақтөбе» ӘКК тұрақтандыру қоры департаментінің директоры:
- Бұған дейін сауда орындарына аптасына 16 тонна картоп жөнелтіп келдік. Қазір 97 тоннаға дейін шығарып отырмыз. Тауардың сапасына қатысты айтар ескерту де бар. Дүкендегі сатушыларға картопты іріктеп сөрелерге шығаруды тапсырдық. Жарамсыз тауарды өндірушіге қайтарамыз.
Орал
Ал Батыс Қазақстан облысында да картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында «Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тауарлық интервенцияны күшейткен. Егер қараша айынан бері күн сайын 5 тонна арзан картоп сатылып келсе, бүгіннен бастап сауда желілерінің сұранысына сәйкес 13 тонна картоп жөнелтеді.
Ержан Досмақов, «Ақжайық» ӘКК басқарма төрағасы:
- Қазір сөрелерге шығарып жатырмыз 130 теңге, 136 теңгеден. Картопты осы жерде іріктейді. Уағын алып қалады да, ірілерін, тауарлық картопты саттыққа жібереді. Енді қазір 60 нүктеге картоп жіберіп отырмыз. Қазіргі есебіміз бойынша май айына дейін жетеді деп отырмыз.
Батыс Қазақстан облысының тұрақтандыру қорында 4 мың тоннадан астам картоп сақтаулы. Ал Ақтөбеде 1420 тонна ғана қалған. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация өкілдері «сәуір айына дейін жетеді»,- деп сендірді. Дегенмен жергілікті билік елдің өзге өңірлеріндегі шаруалардан қосымша картоп сатып алу жолын қарастырып жатыр. Жалпы елдегі картоп нарығындағы қалыптасқан жағдай Үкімет бақылауында. Премьер министрдің тапсырмасына сәйкес ведомствоаралық комиссия отырысында көкөністі үшінші елдерге экспорттауға 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды.
Мансұр Есқожин, Ерденбек Жылқайдарұлы, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов