Былтыр Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда айналымы 3,3 млрд доллардан асты

Былтыр Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда айналымы 3,3 млрд доллардан асты. Бұл кейінгі 4 жылдағы рекордтық көрсеткіш.

Қос тарап логистика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, ақпараттық технология  және энергетика саласында инвестициялық әріптестік орнатқан. Дональд Трамп екі елдің байланысына қалай әсер етеді?

Ұлттық инвестициялық пулда ақш жобалары аз

Ұлттық пулда 770-ке жуық жоба бар. Оның инвестициялық көлемі 34 трлн теңгеден асады. Келешек нысандардың дені Астана, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында бой көтереді. Әрине инвесторлардың басым бөлігі Қазақстандікі. Олар жалпы құны 18,7 трлн теңгеге 621 жобаны жүзеге асырмақ. Сауда және инвестициялық саясат жөніндегі сарапшы Ернар Серік аталған пулда отандық компаниялардың көп болуы - ішкі бизнестің даму әлеуетін айғақтайды дейді. Ал көшбасшылар тізімін Қытай, Ресей және Түркия жалғастырады. Осылайша сарапшы инвесторлардың негізінен тұрақты саяси байланыс орнатқан елдердің өкілдері екенін атап өтті. «Ұлттық пулдағы жобалардың 94 пайызы осы елдердің үлесінде. Ал Еуропа мен АҚШ кәсіпкерлерінің көп болмауы біздегі инвестициялық климаттың жеткілікті деңгейде ашық еместігін көрсетеді», -  дейді сарапшы. 

АҚШ-қа уран экспорты 70 есе артты

АҚШ елімізге инвестиция көлемін азайтқанымен негізгі серіктес болып қала береді. Бұл мемлекет дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы біздің экономикаға жалпы көлемі 62 млрд доллардан асатын қаржы құйды. Оның басым бөлігі мұнай-газ саласына тиесілі. Тауар айналымы да реттеліп келеді. Былтырғы өзара сауда-саттық 3 млрд доллардан асты. Нақты экспорт 2,5 есе өскен. Біз АҚШ-қа  ферроқорытпа, күміс, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткіземіз. Айтпақшы, былтырғы қаңтар-маусым аралығында уран саудасы 70 есе көбейді. Экспортталған 720 тонна өнімнің жалпы құны 104 млн доллар болды. Бұған АҚШ сенатының Ресей уранын алуға тыйым салуы да ықпал етті. Экономист Бекнұр Қисықов елдің экспорттық әлеуетін арттыру керек дейді. «Трамп үкіметі инвестицияны көбейтпеуі де мүмкін. Себебі олар ішкі ахуалға басымдық бермек. Десе ІТ технология бағытында байланысты нығайту қажет», - дейді сарапшы.

Уран экспорты 70 есе артты:

көлемі - 720 тонна

құны - $104 млн

Бекнұр Қисықов, экономист:

- Негізі Трамптың политикасы экономикалық автокэй. АҚШ ешкімге кіріспеу керек. Американың экономикасы ең жоғары болу керек, сондықтан бәрін өзіміз ҚШ ішінде өндіреміз деген. Екінші жағынан Қазақстанмен қарым қатынасы жоғары болу керек дипломатиялық түрде. Біз болашақта тек мұнайды таба бермейміз, одан да басқа секторларда қарым қатынасты дамытуға мүмкіншілігіміз бар.

Трамп мұнай нарығына қалай әсер етеді?

Отандық мұнайды импорттаушылар ішінде АҚШ 12-ші орында тұр. Мұнда жыл сайын шамамен 1,3 млн тоннасын тасымалдаймыз. Негізінен қазақстандық мұнайдың басым бөлігі Италияға жөнелтіледі. Тізімді Нидерланд, Қытай, Оңтүстік Корея жалғайды. Десе де америкалық мұнай компаниялары біздегі кен орындарын игеріп отыр. Салық төлеу бойынша да көш басында. Елімізде 480-нен аса АҚШ компаниясы жұмыс істейді. Экономист Бекнұр Қисықов жаңа Президенттің саясаты әлемге, оның ішінде біздің елге әсер етпей қоймайтынын ескертті. 

Бекнұр қисықов, экономист:

- Көбінесе біздің ЖІӨ үлесі көбінесе осы экспортта тұр. Енді егер Трамп мырзаның ойлағаны орындалса мұнайдың бағасы түсуі мүмкін. Мұнайдың бағасы түссе, бізге ол қиын. Екіншіден мұнайдың бағасы түсіп, доллар қымбаттаса, теңгенің бағасы түсуі мүмкін. Қазір 530-ға көтеріліп кетті доллардың бағасы.