Автоөнеркәсіпке ₸189,9 млрд инвестиция тартылды
Электромобильге сұраныс елімізде де артып келеді. Былтыр елдегі электр көліктерінің саны екі есе өсті. Қазір 11 мыңнан астам көлік бар. Сарапшылар көрсеткіш әлі де өседі деген болжам жасап отыр. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, электр көліктер саны бойынша мегаполистер көш бастап тұр. Елде машина жасау саласына қажет бөлшектерді өндіруге де ден қойылып отыр. Осы мақсатта былтыр бірнеше зауыттың желісі кеңейтілді және Алматы мен Қостанайда жаңа зауыттар салынды. Биыл да бірнеше жоба жүзеге асуға тиіс. Соның арқасында мыңдаған жұмыс орны ашылмақ.
Былтыр 147 431 көлік құрастырылды
Былтыр елде 150 мыңға жуық көлік құрастырылды. Барлық типтегі бұл көліктердің жалпы құны 2 трлн теңгеге жуықтайды. Алайда өндіріс көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда сәл төмендеген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. 2023 жылы 149 753 көлік шығарылған еді. Дегенмен машина жасау саласы ел экономикасының драйвері болып отыр. Саладағы өнімнің 41%-і автокөліктерге тиесілі.
Автоөнеркәсіпке ₸189,9 млрд инвестиция тартылды
Салаға инвестиция көлемі өсіп келеді. Былтыр 190 млрд теңге қаржы құйылды. Бұл бес жыл бұрынғы сомадан 20 есе артық. Инвестицияның артуына кәсіпорындардағы жаңғырту жобалары сеп болды. Сонымен қатар Алматы мен Қостанайда жаңа зауыттар салынды. Автокөлік бөлшектерін шығаратын кәсіпорындар ашылды. Мәселен, Саранда шина зауыты жұмысын бастады.
«Автоөнеркәсіпке тартылған инвестицияның басым бөлігі – отандық инвестиция. Яғни компаниялардың өз ақшасы мен қарызға алған қаражаты. Сонымен қатар шетелдік өндірушілердің инвестициясы да бар. Компоненттер өндірісі қарқынды дамып келе жатыр. Майда торапты әдіспен құрастырылатын автомобиль неғұрлым көп болса, сала соғұрлым тартымды болады. Автоөнеркәсіптің мақсаты – сол көлемді ұлғайтып, шағын және орта бизнесті тарту. Ірі компаниялардың төңірегіне конвейерге ғана емес, екінші нарыққа да компонент ұсына алатын шағын және орта кәсіп өкілдерін шоғырландыру қажет. Биыл ірі инвестициялық жобалар жүзеге асады» — Анар Мақашева, «Қазақстанның автокөлік одағы» ЗТБ президенті.
Машина жасау саласында 5 мың жұмыс орны ашылуға тиіс
Жобалар еңбек нарығына оң әсер етіп отыр. Қазір елдегі 8 кәсіпорында 6500 адам жұмыс істейді. Ал дилерлік орталықтарды қосқанда 50 мыңнан асады. Жыл соңына дейін компоненттерді өндіретін 10 жоба жүзеге асуға тиіс. Қазір автоөндірушілер елдегі оқу орындарымен тығыз жұмыс істеп жатыр. Мұндағы мақсат – кәсіпорынға қажет мамандықтарға жастарды тарту, кадр даярлау. Яғни Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қос тарап бірлескен жобаларды жолға қоймақ.
«Біздің алдымызда салада қосымша жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша үлкен міндет тұр. Биыл шамамен 5 мың жұмыс орны ашылмақ. Президент салалық мамандар тапшылығының өткір проблемасын атап өтті. Біздің салада әсіресе инженерлер мен білікті жұмысшылар жетіспейді. Тек бір ғана кәсіпорында 2025 жылдың мамырына дейін бір ауысымды қамтамасыз ету үшін 2500 жұмысшы даярлау қажет» — Анар Мақашева, «Қазақстанның автокөлік одағы» ЗТБ президенті.
Электр көліктерінің саны екі есе өсті
Былтыр елдегі электр көліктерінің саны екі есе өсті. Қазір 11 мыңнан астам көлік бар. Сарапшылар көлік саны әлі де өседі деген болжам жасап отыр. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, электр көліктер саны бойынша мегаполистер көш бастап тұр. 60%-ке жуығы Алматы қаласының үлесінде. Мұнда 7000 электр көлігі бар. Ал екінші сатыдағы Астанада мыңнан астам көлік тіркелген. Сондықтан мегаполистерде қуаттандыру станцияларының санын көбейту маңызды. Алматыда станциялар санын 300-ге жеткізу көзделген. Ал Астанада 80-нен астам нысанды тұрғызу жоспары бар.
«Электрмен қуаттандыру станцияларын қызмет көрсету нысандарымен бірге салу жоспарланып отыр. Оның ішінде қоғамдық тамақтану нысандары, вендингтік аппараттар, күту аймақтары, санитарлық үй-жайлар және басқа да ілеспе сервистермен қатар салу жоспарланған. Қуаттандыру станциялары тұрғындар көп баратын жерлерде тұрғызылады. Барлық станциялар отандық өнімдермен, заманауи құрылғылармен жабдықталады. Сондай-ақ электромобильдерді жылдам қуаттандыратын жабдықтарды орнатуға және халық жиі қолданатын төлем әдістерін енгізуге баса көңіл бөлінеді» — «Astana» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі.
Қуаттандыру станциялары күрежолдар бойында да салынады. Бұл жұмыстарға инвесторлар тартылмақ. Көлік министрлігі станциялар санын 100-ге жеткізуді көздеп отыр.