Қазақстанның жекеменшік мектептерінде оқу ақысы қолжетімді ме?
Кейінгі 10 жылда елде жеке мектептер көбейді. Қазір осындай 800-ге тарта білім ошағы бар, деп хабарлайды 24kz.
Алғашында 40 мың балаға тәлім берсе, бүгінде жеке мектептердегі оқушылар саны 250 мыңға жуықтаған.
Жекеменшік мектептерде оқу кімге тиімді? Оқу ақысы қолжетімді ме?
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Елдегі жеке мектептердің дені мегаполистерде орналасқан. Кейбірі мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Бұйрыққа сәйкес жеке мектептердің жылдық оқу ақысы 1200 АЕК-тен аспау керек. Бұған қоса, мемлекет бір балаға жылына 694 мың теңге төлейді. Былтыр бұл бағытқа бюджеттен 134 млрд теңге бөлінді. Білім ошақтары мемлекет бақылауында. Оқу бағдарламасының стандартқа сай екені 5 жылда бір болатын аттестация және арнайы инспекция аясында зерделенеді. Қазір мұнда 250 мыңнан астам бала оқиды. Президент мемлекеттің жекеменшік мектептерге көрсететін қолдауы туралы деректердің ашық болуын талап етті. Жоғары аудиторлық палата ұсынысына қарай енді жан басына шаққандағы қаржыландыруды алатын мектептердің жұмысы мемлекеттік сатып алу порталында жарияланады. Жалпы қаржыландырудың бұл түрі орын тапшылығын шешуге септеседі әрі жаңа мемлекеттік мектеп салуға кететін шығынды азайтуға мүмкіндік береді. «Жан басына шаққандағы қаржыландыру жеке білім беру ұйымының табысы болып саналады», - дейді сарапшылар. Алайда, әлеуметтік саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар салықтан босатылады. Тек мұндай қызметтерден түсетін табыс ұйымның жылдық жиынтық табысының кемінде 90%-ін құрауға тиіс.
Елде 800-ге тарта жекеменшік мектеп бар
Ұлттық білім берудің деректер қорына сүйенсек, елімізде 800-ге жуық жекеменшік мектеп бар. Бірер жыл бұрын олардың саны 30-дан аспайтын. Депутат Асхат Аймағамбетов өзі басқарған білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тапсырыс пен жан басына қаржыландыруды енгізуінің нәтижесінде осындай білім ошақтары көбейгенін айтты. Бұл мектептердегі үш ауысымдылық мәселесін шешуге мүмкіндік берген. Депутат жеке мектептердің білім сапасына қатысты мәселе барын жоққа шығармады. Дегенмен, мектептер арасында баламалылық пен бәсекелестіктің болуы үшін пайдалы екенін алға тартты. Қазір осы салада түйткіл бар. Ата-аналардан қосымша қаражат алмай, тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істейтін жеке мектептер банкрот болудың алдында тұр. Себебі қаражат кешігіп түседі. «Салдарынан мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық қызметтер ақысы, салықтар да кешіктіріледі», - дейді депутат.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Биыл жағдай одан әрі нашарлауы ықтимал. Жеке мектептерді қаржыландыру республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілді. Алайда қолдағы ақпаратқа сәйкес, барлық әкімдік бұл өзгерістер туралы біліп, тиісті қаржыландыруды толығымен бөлген жоқ. Қазіргі таңда кемінде 80 млрд теңгеге жуық қаражат жетіспейді. Жақын арада бұл мәселе шешіліп, мектептердің үздіксіз қаржыландырылуы қамтамасыз етіледі деп үміттенемін.
Жеке мектептердегі оқу ақысы қандай?
Ата-ана шамасы келсе, жеке мектептерді таңдауға тырысады. «Бала саны аз, мұғалімдердің деңгейі жоғары», - дейді. Әрі сабақтың бір ауысымда болатыны көпшілік көңілінен шығады. Тіпті кейбір мектепте оқу үлгерімі жақсы балаларға шәкіртақы төленеді. Сондай-ақ АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Германия, Сингапур, БАӘ-нің жоғары оқу орындары және колледждерімен байланыс орнатылған. Әлбетте ұсынары көп жеке мектептердің жылдық ақысы да жоғары. Орташа алғанда 1 млн теңгеден асады. Бұл тек оқу ақысы. Баланы тамақтандыру, мектепке алып келу, алып кету сияқты қосымша қызметтер үшін тағы да ақы сұралуы мүмкін. Мәселен, елордадағы элита санатындағы мектептердегі жылдық ақысы сыныпқа байланысты 7 млн теңгеден 16 млн теңгеге дейін барады. Оған тамақтану, қосымша сабақтар және жыл көлеміндегі қолдау, ағылшын тілін үйрету, қауіпсіздік және медициналық қызметтер кіреді.
Білім беру бағдарламасы жекеменшік және мемлекеттік мектептерде ерекшеленбейді. Оның үстіне қазір заман талабына сай білім ошақтары көптеп бой көтеріп жатыр. Мәселен, биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 112 мектеп салынады. Былтыр пайдалануға берілген 105 жайлы мектептің жартысынан көбі ауылда орналасқан. Осы ахуал әсер етсе керек, көптеген ата-ана балаларын жеке мектептен мемлекеттік мектепте ауыстыра бастаған.